Түркістан қаласында көлік салығын былтырдан бері төлемей қашып жүрген азаматтардың мемлекет алдындағы борышы 156 миллион теңгеге жеткен. Одан хабардар бола тұра, төлемей жалтарып жүргендерді ұстау үшін күні кеше қаладағы Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының ұйымдастыруымен арнайы рейд жүрді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бір жыл бойы көлік салығын төлемей қашып жүрген тұрғындар саны 6 мыңға жуықтап қалған. Олардың арасындағы екі борышкердің берешегі тіпті миллионнан асып кеткен. Ал рейд барысында небары 2-3 сағаттың ішінде полиция қызметкерлері олардың 20-ға жуығын ұстап үлгерген.
"Иә, мемлекет алдында қарызым барын білемін. Менікі әйтеуір анау айтқандай көп ақша да емес. Бірақ соның өзін тауып беруге ақша болмай жүр. Бәрі қымбат, жанармай да, азық-түлік те. Енді осы қарыздан құтылуға ақша жинайыншы деп бастасаң, дөңгелегі шығады, не басқа бір нәрсе, әйтеуір ақшаның басы құралмайды. Сонымен уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей қалыппыз. Бірақ бүгін соңғы ескерту берілді. Бүгіннен қалмай төлеп тастауға тырысамын" дейді қала тұрғыны Нұрлан Махмұтұлы.
Мамандар да қарыздың өсуіне алаңдаулы.
Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер Басқармасы өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы Бақытжан Кизбаев "Бір жыл күттік, өздері қарызын төлеуге ынта білдірмеді. Негізі сәуірге дейін төлеп тастаулары керек еді, қайта біз көлік жүргізушілердің жағдайына қарап, тағы екі айға создық уақытты. Бүгін рейд ұйымдастырып отырмыз, бірақ мұнда да оларға айыппұл арқалатып немесе көлігін алып қойып жатқанымыз жоқ. Тек ауызша ескерту жасадық. Өздерінің берешек екенін біліп тұр бәрі. Бірақ келесі айдан бастап, мемлекет алдындағы қарызын өтемеген азаматтармен сот орындаушылары айналысады. Сондықтан, көлік жүргізушілері осы санаулы күндерді пайдаланып қалсын" дейді.
Жалпы, Түркістан қаласында 55 мыңнан астам көлік тіркелген. Соның 4000-ға жуығы әр түрлі себептер бойынша салық төлеуден босатылған. Ал қалғандары түгел салық төлеуге міндетті. Биыл маусымның 1-інен бастап, салық төлемеген азаматтардың ісі сотқа жіберілмек. Ал, олардың жағдайы оңбайды. Атап айтқанда, көліктері тәркіленіп, тіпті ол аз болса, өзін де қамауға алуы әбден мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!