Батыс Қазақстан облысындағы Жалпақтал ауылында туған өлкесінің көркейіп, гүлденуіне атсалысып жүрген түлектер қатары жыл сайын артып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алғаш рет 2009 жылы Жалпақтал ауылындағы мәдениет үйінің алдына шағын арбат салудан бастау алған игі іс кейіннен дәстүрге айналып кетті.
Ауыл мектебінің әр жылғы түлектері өз қаражатымен туған ауылына сәулетті нысандар тұрғызып, ауыл халқының игілігіне сыйға тартып келеді.
Казталов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Абешованың берген мәліметі бойынша әр жылдары мектеп түлектері ауылға спорт алаңы, "Шағын арбат" демалыс алаңы, "Батырлар аллеясы", "Шағын футбол" алаңы, "Мұнаралы сағат" архитектуралық комплексі, "Атамекен" тынымбағы, "Жалпақтал жағалауы" саябағы секілді өзге де демалыс орындары мен сәулетті нысандар тарту етіп, ел-жұртын қуантып келеді.
Одан бөлек Жалпақтал ауылының кіреберіс жолына 56 электр бағаны мен 28 жарық фонарынан тұратын белгі қондырып, Жалпақтал ауылы орталығындағы "Аспалы көпір" нысанын күрделі жөндеуден өткізіп, Жастар саябағынан демалыс орындарын салып абаттандырып берген де мектеп түлектері екен.
Биыл да әр жылғы мектеп түлектері атынан "Алтын домбыра" монументі және "Шағын арбат", "Ротанда", балалар ойын алаңы, өзге де сыйлықтар тарту етілді. Соның ішінде ауыл ажарын ашып тұрған "Алтын домбыра" монументінің алар орны ерекше.
Туындының авторы - жалпақталдық Сайранбек Қажиақпаров. Кейінгі жылдары алақандай ғана ауылда елжанды мектеп түлектерінің атсалысуымен 151 860 000 теңгеге 26 жоба жүзеге асқан.
Айгерім Ғалым
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!