- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "150 миллиард теңге...
"150 миллиард теңге бөлінген". Қоғам белсендісі ШҚО-дағы жолдар сапасы 30 жылда оңалмағанын сынға алды
Қоғам белсендісі ШҚО-дағы жолдар сапасы 30 жылда оңалмағанын сынға алды. Мәселені Президент әкімшілігі мен еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне қатысты көтерген қоғам белсендісі Әділ Пшенов республикалық маңызға ие жолдарды аралап шығып, оң өзгеріс байқалмайтынын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Елімізде халық тұрмысын жолдармен саралайды ғой. Бұл жағынан Шығыс Қазақстандағы тұрғындар амандығы 0-ге тең. Өткен апталарда жалпы ұзындығы 5200 шақырым жолды жүріп өттім. Ең алдымен "Өскемен-Алматы" аралығына тоқталайын. Қалбатауға (Жарма ауданы) дейін тез жетуге болады, бірақ көпірлердегі жөндеу жұмыстарының аяқталмауы себепті әлі балансқа алынбады. Ал Қалбатаудан Жетісу облысына дейін жібі түзу жол жоқ. Кейбір жері ғана асфальтталған, техникалар екі-үш жерде төбе көрсетті. Оның өзінде бір-екі жүк тиегіш пен жол тегістегіштер жүр", - деді ол.
Дегенмен қоғам белсендісі Жетісу өңіріне кіре берістен Алматыға дейінгі аралықтың 90 пайызы аяқталып тұрғанын айтты. Ол құрылыс шамамен 2017 жылы басталғанын, бас мердігері біреу болса да Шығыс Қазақстан облысы тарапынан жұмыс белгісіз себептермен аяқталмай жататынын жеткізді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, Астана мен Семейдің арасындағы жол да тәп-тәуір, тек Семейден Өскеменге жету машақат.
"Алматыдан Қарағандыға дейінгі аралықта да құрылыс жүріп жатыр. Бірақ Алматыдан 500 шақырым аса бере әжетхана жоқ. Жолаушы толы автобус бір жерге аялдаса адамдар жан-жақтарына қарап, барар жер таппай қалады. Араларында ерлер, әйелдер, қарт адамдар мен балалар бар. XXI ғасыр болса да амалсыздан әйелдер қоғамдық көліктің бір жағына, ерлер екінші жағына барып жатады. Алып шаһарлар арасында автобан бар шығар деп ойладым. Ол тұрмақ асфальтталған жол жоқ екен", - деді Әділ Пшенов.
Одан бөлек, белсенді 30 жыл өтсе де Өскеменнен республикалық маңызы бар жолдарға шыққанда сол баяғы шұрқ тесіктердің көптігін айтты. Оның сөзінше, "Алматы-Өскемен" аралығындағы жол құрылысына 150 миллиард теңге бөлінген.
Айта кетейік, облыс әкімдігіндегілер осыған дейінгі жиындардың бірінде бұл бағыттағы ауқымды жұмыс 2023 жылдан қалмай аяқталатынын мәлімдеген болатын.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы