Алматы облысында кесте тігіп, сәнді жейделер пішіндейтін Сәбит Тәжіков есімді жігіт тұрады. Әдетте ер адамдар таңдамайтын мамандықты игерген ол тігін фабрикасында жұмыс істеп жатыр. Massaget.kz тілшісі Сәбитпен сұхбаттасып, бұл мамандықты неге таңдағанын сұрады.
Сәбит Мектепті тәмамдағаннан кейін Алматыдағы кәсіптік білім беретін колледжге оқуға түсіп, "тігінші-модельер" мамандығы бойынша кәсіби білім алған. Кейін бір жыл қалада түрлі қызмет істеген, алайда жаны тігіншілікті қалаған. Өз бетінше қалың жемпірлер тоқып, жейде тіккен.
Үш ай бұрын Ұзынағашта тігін фабрикасы ашылған. Сән үлгісіне жаны құмар Сәбит көп ойланбастан фабрикаға жұмысқа орналасқан.
"Колледжде 25 қыздың арасында жалғыз жігіт едім. Солармен бірге жарысып, киім тігіп үйрендім. Басында достарым күлетін. Тіпті мазақтағандар да болды. Бірақ тігін машинасымен жұмыс істеген өте қызық. Сан түрлі тігіс бар. Өзіңнің ойыңдағы киім үлгісін шығаруға болады. Ауылда фабрика ашылады деп ойламап едім. Осында жұмысқа тұрғаныма қуаныштымын. Колледжде он шақты қыздың ортасында жалғыз болсам, қазір фабрикада 150 әйелдің арасындағы жалғыз тігінші жігітпін. Мені әпкелерім еркелетеді", - деп күледі Сәбит.
Фабрика тапсырыспен жұмыс істейді. Алғаш ашылған айда әскери форма тігуден бастаған. Мұнда тігіс жатқызудың сан алуан әдісін меңгерген әйелдер бір-бірімен жарыса жұмыс істейді. Кейін жұмысына қарай ақысын да алады. Кейде 300 мың теңгеден аса табыс табуға да мүмкіндік болады екен.
Фабриканың өндіріс басшысы Мұхаметқали Сабыровтың айтуынша, бұрын ине жіп ұстап көрмеген әйелдер де жұмысқа қабылданған.
"Ұжымның ішінде бұрын киім тіккен тігіншілер бар. Тігін машинасына отырып көрмеген адамдар да болды. Технологымыз басынан аяғына дейін үйретіп жатыр. Басында ештеңе білмей келген тігіншіліреміз қазір айына 200-300 жиынтыққа дейін форма тігеді. Сәбит те олардан қалыспайды", - дейді өндіріс басшысы.
Сәбит сәнді киімдер тігіп, әлемге әйгілі италиялық дизайнерлер Giorgio Armani, Gucci сынды мықты маман болуды армандайды. Болашақта ол фабрикадан тәжірибе жинақтап, өз кәсібін ашқысы келеді.
"Тігіншілік ешқашан жалықтырған емес. Қайта күн сайын еліктіріп, қызықтырады. Қазір жалақым жақсы. Ақшамды жинап, бизнес бастауды ойлап жүрмін. Нарықта ерекше үлгідегі, сапалы киімдерге әрдайым сұраныс бар ғой. Мен соларды тіккім келеді", - дейді Сәбит.
Алмас Сәдуақас
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!