- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "15 торт пісірген...
"15 торт пісірген күндерім болды". Аядай ғана ауылда тұрғын айына 600 мың теңге тауып отыр
Түркістан облысы Созақ ауданы Созақ ауылының тұрғыны торт пісіріп, айына 600 мыңнан аса табыс табады. Өнімдерін тек ауыл дүкендеріне өткізіп қоймай, әлеуметтік желі арқылы да сатады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тоғжан Асқарбекқызы - екі баланың анасы. Оған түсетін тапсырыстардың көптігі сонша - кейде тіпті бір күнде 15 торт жасаған да күндері болған екен. Бүгінде ата-енесімен Созақ ауылында тұрады. 2022 жылы "Бизнес бастау" жобасымен кәсіпкерлік курсын оқып, 1 миллион 200 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болған. Оған кондитерлік өнім пісіретін пеш, үлкен тоңазытқыш, бұлғауыш сатып алыпты. Қазір шағын ауылдың өзінде кәсібін дөңгелетіп отыр.
"Алдында тек 1 пешпен, аз ғана торт пісіретін едік. Кейін үлкен пеш алған соң қорықпай көп тапсырыс алатын болдық. Қазір бір күнде 10-15 торт пісіреміз. Кейде тіпті тойларға биіктігі бір метрлік торт пісіруге тура келеді. Сұраныс жақсы. Одан бөлек бәліштер тағы бар", - дейді Тоғжан Асқарбекқызы.
Кондитерлік өнім әзірлеп табыс тапқан жас келінді ең бірінші ата-енесі қолдаған. Сондықтан өз кәсібіне белсене кіріскен келіншек тек ауыл тұрғындары үшін ғана емес, әлемжелі арқылы тапсырыс қабылдай бастаған. Ал кейде пісіретін тәттінің саны ұлғайса, енесі балаларын қарап, қарайласатын көрінеді.
"Ең бірінші ата-енеме көп рақмет. Атам осы ғимаратты өз қаражатына салып берді. Енем де үнемі қолдау көрсетеді. Кәсіпке бар уақытың мен зейініңді салмасаң, ештеңе шықпайды. Сондықтан кейде таңнан кешке дейін жұмыс істейтін кездер болады. Сол кезде енем екі балапаныма қарап, тамақты өзі істеп қояды. Оның өзі керемет қолдау ғой", - дейд ол.
Кәсіп бастаймын деген адамға, әсіресе, бала күтімімен үйде отырған аналарға бүгінде мемлекет тарапынан берілетін көмек жетерлік. Түрлі қайтарымсыз гранттар бар. Пайызы өте төмен несиелер бар. Тоғжанның да алдағы уақыттағы мақсатты - сол мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, бастаған ісін әрі қарай жалғастыру, ауқымды жобаға айналдыру.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы