Базар Кенжебеков Алматы облысы Шеңгелді ауылында тұрады. Зейнет жасына жеткенімен қимылы ширақ. Өмірлік бейнетті көп тартқанымен, бүгінгі жағдайына налымайды. Оның жүрегі туа бітті оң жағында орналасқан. Елден ерекше жаратылғанын жеткіншек жасында медициналық тексеріске барған сәтінде білген. Massaget.kz тілшісі ерекше жанмен сұхбаттасқан еді.
Базар Кенжебеков күнделікті немен айналысатынын айтты.
"Есегімді арбаға жегіп, күн сайын ауыл көшелерін тазалауға шығамын. Зейнеткер екенмін деп үйде жата бергім келмейді. Тіршілік тоқтамайды ғой. Барынша әрекет ету керек. Жолға шыққанда әрдайым керек жарағымды, құрал-сайманымды алып жүремін. Арбамды өзім жөндеп аламын", - дейді Базар аға.
Ауыл тұрғындары Базар Кенжебековті сыйлайды. Оның әрдайым еңбекке адал адам екенін айтады. Ол ауылдың тазалық жұмысына атсалысады. Ауылдың санитария жағдайының жақсы болуын қадағалайды.
"Жүрегім ешқашан мазалаған емес. Ол ауырмау үшін уайым-қайғыға салынбай, тек еңбек ету керек. Жиырма жыл темекі тарттым. Қойғаныма біраз болды. Өткенде өкпемді тексертейін деп рентгенге түстім. Дәрігер "таза" деді. Жаттығу жасап, спортпен шұғылданамын", - дейді зейнеткер.
Базар Кенжебеков дәрігерлік тексерістен өтуді де ұмытпайды. Қан қысымы мен жүрек қағысы қалыпты. Жүректің кеуденің оң жақ тұсында орналасуын медицина ғылымында "декстрокардия" дейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, ол 15 мың адам ішінде бір ғана адамда болуы мүмкін екен.
"Бұл - сирек кездесетін жағдай. Бірақ ауру деп саналмайды. Ағамыздың жүрегі жақсы, қалыпты жұмыс істеп тұр. Ешқандай шағымы жоқ. Қан қысымы дұрыс", - дейді ауылдық амбулатория дәрігері Рауия Ағамбаева.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!