- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "15 мыңнан 4000...
"15 мыңнан 4000 адам ғана қалды". ШҚО-дағы кенттердің бірінде тұрғындар саны күрт азайған
Өңірдегі Первомайский кенті бұрынырақта жұмысшылар жан-жақтан келіп тер төгетін өндірістік өлке болатын. Қазір уақыт өткен сайын тіршілігі тұралап барады. Құдды бір қорқынышты фильм түсіру үшін елді мекенді әдейі қаңыратып қойғандай, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Көшіп кетуге бекінген"
Кентке кіре бере байқағанымыз, аумағы ат шаптырым ауылдың үйлері жиі орналасқан. Онымен қоса әу баста тұрғындардың тығыз шоғырлануынан болар, көшелері жинақы. Бірқатар нысандар да әлі келбетінен айырылмаған. Алайда Первомайский іргесіндегі көзімізге оттай басылып, "мен мұндалаған" көпқабатты үйлерде талайдан бері тыныштық орнағандығынан бейхабар едік. Ең алдымен "бұл үйлердің тұрғындары қайда кеткен?" деген сауал туындайды. Металлург көшесімен орталыққа кетіп бара жатқан тұрғындардың бірі мұнда көшіп келушілер саны тым аз екенін жеткізді.
"Түбінде басқа жаққа қоныс аударамыз деп бекініп отыр көпшілігі. Бірсыпырасы көшіп те кетті. Дегенмен облыс орталығынан осында келуге ниеттілер аз емес. Бір жағынан ауылдың географиялық орналасуы қолайлы әрі ауасы таза. Көшіп келгендер ауыл іргесіндегі мектепке, май зауытына жұмысқа орналасып жатады. Қаңырап тұрған көпқабатты үйлерді көріп, көбі қоныс аударамыз деген райынан тез қайтады. Десе де пәтерлердің жағдайы бәлендей жаман емес", - дейді Светлана есімді тұрғын.
Шынымен де, Первомайскийде қаламын дегендер баспаналарына шама-шарқынша жөндеу жүргізіп, жыртығы мен тесігін жамап, бүтіндеп алған. Светлананың сөзінше, осы ауылға бүйрегі бұрған жандар жөндеу көрмеген үйді 500 мың, ал жағдайы біршама тәуірлерін 900 мың теңгеге сатып ала алады. Осы уақытқа дейін біршама шаңырақ Ресейге ат басын бұрған. Қазір кенттегі тұрғындар саны – 4000-нан асады. Сенесіздер ме, бір жылдары Первомайскийде 15 мыңға жуық адам тұрған. Ол кезде Ертіс химия-металлургиялық зауытының (ары қарай ЕХМЗ) ісі ілгерілеп, қаншама жұмысшы кәсіпорынның отымен кіріп, күлімен шыққан. Қазір соның ізі де қалмапты.
"Қиратып кетсе де таңданбаймыз"
Кенттегі өзгерістерден жан-жақты хабардар жұрттың сөзінше, жаз айларында мұнда алыс-жақыннан келген балалардың ойын қуып, абыр-сабыр болған дауыстарынан құлақ тұнады. Мұның алдында аудан әкімдігі "Первомайскийдегі 37 көпқабатты үйдің алтауы бос тұр" деп ақпарат ұсынған болатын. Қалған 31 үйде тұрғындар толық орналасқан деп те айта алмаймыз. Себебі бес қабатты үйлердің бірінде 4-5, ары кеткенде 8-10 адам ғана тұрады.
"Осы көшеде 18 көпқабатты үй болған, қазір қалғаны бес-алтау. Әйтеуір әркім өз бетінше тірлік жасап, күн кешуде. Алдағы уақытта оң өзгерістің боларына күмәніміз бар. Әкімдер де жиі ауысып жатады. Санаулы тұрғыны бар үйлерді бір күні келіп қиратып, құрылыс материалдарына қажеттісін таңдап алып кетсе еш таңғалмаймыз. Олар да көп ұзамай анау тұрған коллизейдің қатарына қосылар", – дейді Анатолий есімді зейнеткер ауылдың шет жағындағы қирандыларды нұсқап.
Расымен де, алыстан қарағанда сол үйлердің күн түспеген қараңғы тұсынан сұсты біреу сығалап тұрған сияқты. Анатолий қарияның жуық арада ауылда бәлендей өзгеріс бола қоймайды деуін біртіндеп ұғына бастадық. Өзі бір жылдары мана айтқан ЕХМЗ-да жұмыс істепті. Шаруашылығын шыңға шығара бастаған мекемеде 3500-дей адам жұмыс істегені қиял-ғажайып әңгіме сияқты естіледі. Себебі қазір онда ешкім жоқ.
Зауытты аяққа тұрғыза ма?
Мұны аудан басшылығы да растап отыр. Зауыттың бұрынғыдағыдай аяққа тұрып кетуі екіталай. Аудан әкімінің орынбасары Алексей Ахаевтың сөзінше, қазір онда небәрі 4040 адам тұрады.
"Бүгінде ЕХМЗ жұмысын тоқтатқан. Оның басшылығы кәсіпорын жұмысын жандандыру үшін инвестор іздеп жатыр. Тұрғындар санының сиреуі де осы зауыттың жабылуымен тікелей байланысты. Қазір "Востоксельхозпродукт" ЖШС біршама адамды жұмыспен қамтып отыр", – деді ол.
Кент тіршілігінен ақпарат бөліскен тұрғындар, Анатолий қарттай жұмысшылар қазір жастары келіп, уақыт өткен сайын шөге бастаған. Шенеуніктердің сөзінше, зауытта өнімнің соңғы шығарылымы 2020 жылдың мамыр айында жүзеге асырылған. Араға аз уақыт салып, өнім өтпегендіктен сол жылдың маусым айынан бастап өндіріс тоқтатылыпты. Жастар легі де аз көрінді.
"Қалай десек те, әзірге халық саны тұрақталды. Кейбірі таза ауызсудан таршылық көріп келді. Аз уақытта ол мәселе шешімін табады. 240 млн теңгенің жобасы іске асырылмақ. Бұған республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған. Толық сома аударылған бетте жұмыс басталады", – деді аудан әкімінің орынбасары.
Тұрғындар келер күнге болжам айтқаннан гөрі "кенттегі жарық пен ауызсу тоқтап қалмаса болды" дейді.
Асыл Бигелді
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы