Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Африкада маймыл шешегінің өршуі жайлы мәлімдеді. Сарапшылар бұл жағдайды төтенше жағдай деп атады және бұл қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіретінін мойындады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Вирус Конго Демократиялық Республикасында тарала бастаған. Оған қоса, аурудың Clade Ib деп аталатын жаңа, жұқпалырақ штамы пайда болды. Ол Африканың басқа елдерінде де анықталды: Бурунди, Кения, Руанда және Уганда. Соңғы айда маймыл шешегінен 90 адам қайтыс болды. Егер жалпы статистиканы алсақ, 2024 жылы оны 15 мыңнан астам африкалық жұқтырды, 537-сі қайтыс болды.
Өткен аптада Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы вирустың кем дегенде Африканың 13 елінде таралғанын хабарлады. Өткен жылмен салыстырғанда жағдайлардың саны 160%-ға, ал өлім-жітім 19%-ға өсті.
Сарапшылардың пікірінше, іс жүзінде оны жұқтырғандар көп. Себебі халықтың көп бөлігі тексерілмеген.
ДДСҰ мәліметтері бойынша, маймыл шешегін бастапқы кезеңдерде басқа аурулармен шатастырып алу оңай: желшешек, қышыма, қызылша, мерез, әртүрлі тері инфекциялары және тіпті дәрі-дәрмектерге аллергиялық реакциялар.
Аурудың айрықша белгісі - бүкіл денеге шығатын үлкен бөртпелер.
Инкубациялық кезең 5 күннен 21 күнге дейін созылады. Ауру әлсіздік, жоғары температура, бас және бұлшықеттер ауыруынан басталады. Бірнеше күннен соң басқа да белгілер, соның ішінде бөртпе пайда болады. Вирус ауа-тамшылы жолмен және қол алысу секілді жанасу арқылы беріледі. Мамандар қазір маймыл шешегі жыныстық жолмен де берілетінін айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!