“15 мың адам апат жағдайындағы үйде тұруға мәжбүр“: депутат дабыл қақты

Құрылтай депутаты Әмірбек Оспанбеков Қазақстанда 27 мыңға жуық үй иесінің баспанасы апат жағдайында тұрғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бағдарламаның орындалу барысы мардымсыз"

Депутаттың сөзінше, Қазақстанда 61 367 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның ішінде 1 037 пәтер апат жағдайында тұр, ал 3 347-сінің тозығы жеткен. Бұл шамамен 27 мыңға жуық үй иесінің баспанасы апат жағдайында тұрғанын немесе әбден ескіргенін білдіреді.

Кейінгі 3 жылда тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде өңірлерде апат жағдайындағы және тозығы жеткен 352 тұрғын үй бұзылып, 200 көппәтерлі тұрғын үй салынған.

"Бұл көрсеткіш жалпы тұрғын үй қорының 0,3 пайызын ғана қамтып отыр. Реновациялауды іске асыру барысында бірқатар кемшілік бары анықталды. Бағдарлама барлық өңірде іске қосылғанымен, оның орындалу барысы мардымсыз", - деді ол.

Өңірлердегі нақты көрсеткіш қандай?

Депутат 2026-2029 жылдарға арналған реновация жоспарын ұсынды. Батыс Қазақстан облысында апат жағдайындағы және тозығы жеткен 334 үйдің ішінде тек 3 үйдің меншік иелерін жаңа тұрғын үйге көшіру жоспарланып отыр. Бұл - қажеттіліктің 1 пайызы. Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының жоспарлары бойынша осындай тұрғын үйлер 2-19 пайызға дейін жаңартылады.

"Басқа өңірлердегі көрсеткіш - 20-75 пайыз. Осылайша, көптеген өңір бойынша жағдай сын көтермейді", - деді ол.

Депутаттың пікірінше, тек үш өңірдің әкімдіктері - Астана қаласы, Жамбыл, Павлодар облыстары 2029 жылға қарай осы мәселені шешуге дайын. 

15 мың адам апат жағдайындағы үйде тұруға мәжбүр

2029 жылға қарай әкімдіктер апат жағдайындағы және тозығы жеткен тұрғын үйлердің орнына 895 көппәтерлі тұрғын үй немесе 11 319 пәтер беруді жоспарлап отыр. Бұл - жаңа үйге қоныс аударуы қажет меншік иелерінің жалпы санының 42 пайызы.

"Алайда 15 653 меншік иесі апат жағдайындағы және тозығы жеткен үйлерде қалып кету қаупі бар", - деді ол.

Депутат апат жағдайындағы және тозығы жеткен баспаналарда өрт қаупі өте жоғары екеніне назар аударды. Ол республика бойынша Үкімет жанынан арнайы комиссия жасақтауды, апат жағдайындағы және тозығы жеткен тұрғын үйдің әрбір меншік иесін көшіру бойынша бірыңғай жол картасын құруды ұсынды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз