Оралда 15 минут ішінде жол ережесін бірнеше рет бұзған жүргізуші жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында BMW көлігінің жүргізушісі жолда жүру ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневрлер жасағаны көрінетін видео анықталған. Бұл жайт полиция қызметкерлерінің назарына іліккен.
Кадрда жүргізуші көліктерді қатарынан басып озып, бірін сол жағынан, екіншісін оң жағынан айналып өтіп, жоғары жылдамдықпен жүргені көрінеді.
Тексеріс нәтижесінде көлік анықталып, жүргізуші кім екені белгілі болды.
"Ол Батыс Қазақстан облысының 18 жастағы тұрғыны болып шықты. Бейнебақылау жүйесі арқылы жүргізілген қосымша тексеріс барысында жүргізуші небәрі 15 минут ішінде Орал қаласындағы көлік қозғалысы қарқынды Әбілқайыр хан даңғылы мен Шолохов көшесінде жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзып, өзге көлік жүргізушілеріне қауіп төндіретін маневрлер жасағаны анықталды. Жүргізуші заң аясында жауапқа тартылды, сондай-ақ, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - деп жазылған хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!