Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау облысында ауқымды тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан" қаражатты заңсыз алуға жәрдем көрсеткен 5 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленген.
Мән-жайы
Ұйымдастырушылар жалған құжаттарды рәсімдеу арқылы елдің әр өңірінде (Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа қалаларда) орналасқандай етіп, 30-дан аса стоматологиялық клиниканы пайдаланған. Шын мәнінде бұл медицина ұйымдары тек қағаз жүзінде болған, халыққа ешқандай қызмет көрсетпеген. Олардың ғимараттары да, жабдықтары да, білікті қызметкерлері де болмаған.
Клиникалардың басшылары мен құрылтайшыларының медициналық білімі де жоқ. Жалған медициналық құжаттарды рәсімдегені үшін күдіктілер азаматтардың алған қаражатынан 10%-дан 20%-ға дейін заңсыз сыйақы ұстап отырған. Жиналған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қылмыстық топтар 226 дропперді пайдаланған.
Қымбат көліктер, пәтерлер, зергерлік бұйымдар
"200 млрд теңгеден аса қаржы айналымнан шығарылған. Зейнетақы салымшыларының ақшасына күдіктілер жалпы құны 600 млн теңгеден асатын 15 қымбат көлік (Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade), сондай-ақ, зергерлік бұйымдар, коммерциялық нысандар, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған", - деп жазылған хабарламада.
Қазір 59 тінту жұмысы жүргізілген. 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылады.
"Сондай-ақ, ұсталғандардың құқығы бұзылып жатыр деген мәліметтер шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Барлық процессуалдық әрекет қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Әр күдіктінің адвокаттарымен байланысы шектелмеген", - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейінгі жағдай
Еске салайық, бұған дейін "Отбасы банк" тіс емдеуге өтініш беру кезінде БЗЖҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану және құжаттарды қолдан жасау деректері анықталғанын мәлімдеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова