Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында бір жарым жылда маңызды іс-шаралар атқарылғаны туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. 1,5 жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Бұған баршаңыз куә болдыңыздар. Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет тұжырымдамасы барынша орнықты", - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент нақты қай бағыттарда жұмыстар атқарылғанын атады.
"Осы орайда халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді. Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді - тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. "Жайлы мектеп" жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. "Ұлттық қор - балаларға" жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады", - деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялатыны хабарланған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!