Еліміздің батысында 15 жыл жазылған "Атырау арулары" кітабы жарыққа шықты. Тұсаукесер рәсімі бүгін, 24 қарашада Атырау қаласында өткен 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік стратегия турасындағы конференция барысында өтті. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Туындының авторы, қоғам қайраткері Рашиля Мұрсалиеваның айтуынша, кітапта парасат-пайымымен, ерлігімен, өнерімен есте қалған аналарымыз бен апаларымыздың өмірі жайлы сыр шертіледі.
- Кітапта қоғамның әр саласында салмақты үлес қосқан әйелдер қауымы туралы айтылады. Аймақта еңбек еткен мұнайшылар, балықшылар, өнер, қоғам қайраткерлері туралы ақпарат фотосуреттерімен берілген. Әлбетте, бір кітаптың ішіне еңбегі ерен аналарымыздың бәрін сыйғыза алмадық, - деді автор.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев кітаптың тұсауын кесіп тұрып ел тарихындағы аналарымыздың рөлін сөз етті:
- Халқымыздың басынан қилы замандар өтті. Қиын-қыстау кезеңдерде ардақты аналарымыз тек отбасының берекесін келтірумен айналысқан жоқ. Елге жөн сілтеп, ерлермен бірге елін-жерін қорғауға шыққан қайраткерлер де көп болды. Кешегі Фатима, Бопай аналарымыз, бертіндегі Хиуаздай батырларымыз халық үшін жан аямай тер төкті. Еліміз егемендік алған тұста да әйелдердің рөлі еш кеміген жоқ. Бұл кітап сол ардақты аналарымызға арналған. Өскелең ұрпақ бұл туындыны оқып, танысып, аналарының ерлігінен үлгі алуы керек. Кітаптың мұнымен тоқтап қалмай, келесі томдарының да жазылып, жарық көруін тілеймін, - деді Нұрлан Ноғаев.
Аймақ басшысының айтуынша, баспаға 15 жыл дайындалған кітаптың идеясы премьер-министрдің қазіргі орынбасары Иманғали Тасмағамбетовке тиесілі.
Туындыға бас редакторлық еткен – тілші-ғалым Ғарифолла Әнес, ал редакция алқасында жұмыс істегендер – Фариза Оңғарсынова, Айгүл Әжіғалиева, Қойшығұл Жылқышиев, Сәрсенбай Еңсегенов, Бақыт Иманғалиев және Әбілхан Төлеуішев.