15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салынады

15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салынады
Фото: depositphotos.com

Түркияда кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты жаңа ауқымды шектеулер ресми түрде бекітілді. Цифрлық платформалардың жұмысын реттейтін қаулы Resmî Gazete парақшасында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жаңа құжат балаларды интернет кеңістігінде қорғаудың құқықтық негізін қалыптастырады. Енді олардың желідегі қауіпсіздігіне тек ата-аналар емес, әлеуметтік желі платформалары да жауапты болады. Компаниялар өз қызметтерін әуел бастан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей етіп ұйымдастыруға міндеттеледі. Яғни жаңа талап бойынша қолданушының қауіпсіздігі жүйеде бастапқыдан-ақ ескерілуге тиіс.

Жаңа заңның негізгі ережелері

Әлеуметтік желілерге 15 жасқа толмаған балаларды тіркеуге және оларға өз қызметтерін ұсынуға қатаң тыйым салынады. Бұдан былай қолданушының жасын растау үшін тиісті жолға белгі қою жеткіліксіз. Платформалар азаматтардың жеке басын Түркияның e-Devlet мемлекеттік электрон қызметтер порталы арқылы тексеруге міндетті.

15-17 жастағы жасөспірімдер үшін мынадай қорғаныс ережелері:

  • Жасөспірімдердің парақшалары әдепкіде жабық болады.
  • Тікелей эфир жүргізуге тыйым салынады.
  • Қолданушының қызығушылығына қарай жарнама ұсыну, жаңалықтар таспасын шексіз айналдыру және видеоларды автомат түрде ойнату қызметтері өшіріледі.
  • Жазылушылар мен байланыс нөмірлерінің тізімі бөгде адамдарға көрсетілмейді.

Талапты бұзғандарға қандай жаза қолданылады?

Жаңа ережелерді сақтамаған әлеуметтік желі компанияларына Түркияның Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар басқармасы қатаң шара қолдана алады.
Заң талаптарын бұзған платформаларға мынадай санкциялар қарастырылған:

  • Ірі көлемдегі айыппұл. Тыйым салынған қызметтерді іске қосқан немесе қолданушылардың жасын тиісті деңгейде тексермеген компанияларға жылдық әлемдік табысының 3 пайызына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
  • Интернет жылдамдығын шектеу. Заңбұзушылық қайталанса, Түркия аумағында әлеуметтік желі серверлеріне қосылу жылдамдығы 90 пайызға дейін төмендетілуі мүмкін.
  • Толық бұғаттау. Ең қатаң шара ретінде әкімшілік немесе сот шешімімен әлеуметтік желіге Түркия аумағында кіруге толық тыйым салынуы мүмкін.

Заң қашан күшіне енеді?

Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қарашадан бастап ресми түрде күшіне енеді. Осы күннен бастап әлеуметтік желілерде жаңадан тіркелетін барлық қолданушыға ережелер қолданылады.

Сонымен қатар, платформалар бұрыннан тіркелген қолданушылардың да жасын тексеріп, 2027 жылғы 31 наурызға дейін 15 жасқа толмаған балалардың парақшаларын бұғаттауға міндетті. Бұл – талаптарды орындаудың соңғы мерзімі.

Ал Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу үшін бет-әлпетті тану технологиясын, жарияланған контентті, жазылымдар тізімін және аккаунт белсенділігін талдау тәсілдерін қолдану қарастырылып жатыр.

Бұдан бөлек, балалардың бұрыннан ашылған парақшаларын уақытша бұғаттау мүмкіндігі де талқыланып жатыр. 

Бұған дейін Үкімет өкілдері ұсынылып отырған шектеу балалардың тек әлеуметтік желілерге тіркелуіне қатысты екенін мәлімдеген болатын. Ал мессенджерлерге мұндай тыйым енгізу жоспарланбаған.

Тиісті түзетулер Құрылтайдың қарауына жолданған. Алайда олардың нақты қашан қабылданатыны әзірге белгісіз.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget