"15-20 миллион теңгеге дейін ұтылдым". 10 жыл бойы ұтыс тіккен жігіт қалай емделгенін айтты

"15-20 миллион теңгеге дейін ұтылдым". 10 жыл бойы ұтыс тіккен жігіт қалай емделгенін айтты
Фото: Тұрар Қазанғапов

Соңғы 2,5 жылда Қазақстанда букмекерлік кеңселер саны екі есе азайған. Бұл күні кеше Мәдениет және спорт министрлігінің келтірген деректері. 2021 жылдың басында елімізде 38 букмекерлік кеңсе болса, бүгінде олардың саны 16-ға азайыпты. Ал іс жүзінде жұмыс істейтіндерінің саны 12 болып тұр екен. Елімізде букмекерлік кеңседе ақша тігемін деп қарызға белшесінен батып, артынша қайғылы оқиға болған деректер де бар. Алайда лудомания деп аталатын қауіпті дерттен арылып, емделгендер де бар. Соның бірі 10 жыл бойы ойынға ақша тіккен Марат (есімі өтініші бойынша өзгертілді). Ол Massaget.kz тілшісіне букмекерлік кеңселерге алғаш қалай бас сұғып кеткенін, одан қалай арылғанын әңгімелеп берді. 

Ұтысқа ақша тігу неден басталды?

Мараттың сөзінше, 2012 жылы алғаш букмекерлік кеңсенің сайтында тіркеліп, ойнай бастаған. 

"Мен 11-сынып оқып жүрген кезде досым бір сайт барын айтты. Ол футболға қызығатын, мен де жақсы білетінмін. Мен сол сайтқа тіркеліп, баланс толтырып, алғаш 200 теңгеден 350 теңге жасадым. Бірден қызығып кеттім, себебі футболды жақсы білемін, түсінемін деп ойладым.

Көп ұзамай мендегі баланс 3000 теңгеге жетті. Менде бірден "Мен футболды жақсы білемін және мен сол арқылы ақша таба аламын" деген иллюзия пайда болды. Анама хабарласып "Интернеттен ақша табатын әдіс таптым, 11-сыныпты бітіргеннен кейін өзіме қажет нәрсені өзім сатып аламын" деп айттым", - дейді Марат.

Көрнекі сурет: Тұрар Қазанғапов

Осылайша алғаш тапқан үш мың теңгесін құртады. Артынан тағы ақша сала бастайды.

"Себебі мен 200 теңгеден 3000 теңге жасай алатынымды көрдім, демек ақшамды тағы көбейте аламын деген ой болды, сенім пайда болды. Аз сомамен ойнап жүрдім", - дейді ол.

"Маған енді 200 теңгемен ойнау қызықсыз болды"

Марат көп ақшаны студент кезінде сала бастаған. Себебі ауылдан келген бала қалада сондай ортаға түскен. 

"Кейін Алматыға оқуға түстім. Ауылдың баласымын, көп ақша ұстап көрмегем. Шәкіртақы түседі, одан бөлек, туыстар да көптеп ақша салып жібереді. Бірақ мендегі сол ақшаның бір бөлігі сайтқа кетіп отырды. Маған енді 200 теңгемен ойнау қызықсыз болды. Көбірек ұтқым келді. Себебі ұта алатыныма сендім. Студент кезімізде әр қаладан балалар келеді. Солардың арасынан ұтысқа тігіп ойнайтын жігіттерді бірден таптым. Себебі қоғамда ұтысқа ақша тігу туралы көп айтылатын. Әр топта ақша тігетін 1-2 бала болады. Осылайша жиналып қалдық. Бірінші курста оқыған бала мың теңгеден 79 мың теңге жасаған. 2013 жылы студент үшін 79 мың теңге өте көп ақша еді. Мен де соны қайталағым келіп, көбірек ақша сала бастадым. Бірақ барлығын ұтылдым", - дейді ол.


Көрнекі сурет: Тұрар Қазанғапов

Осылайша Марат 4 жыл бойы ай сайын 15-20 мың теңгеден ұтыс ойындарына салып отырған. Кейіннен оқуын бітіріп, жұмысқа орналасады.

"Тұрақты айлық алып жүрдім, өз-өзіме жетеді. Бірақ сонда да "ойыннан ақша табуға болады және ол маған рахат сыйлайды" деген иллюзиядан арыла алмай, ұтыс тігуді жалғастыра бердім. Ұтыстар тек кейде ғана орын алатын. Әлі күнге дейін есімде, ең бірінші үлкен ұтысым - 230 мың теңге еді. Менің түсінгенім - адам ұтқан сайын оның сол иллюзияға деген сенімі күшейе береді. 230 мың ұтқан кезде "мен футболды ең күшті білетін адаммын" деп ойладым. Бірақ ол ақшаны 1-2 күнде-ақ қайта ұтылдым. Кейін ойын үшін несие ала бастадым. Бірақ нәтиже бір - ойыннан ақша табу мүмкін емес. Несиелерімді қазірге дейін төлеп жүрмін және жақын күндері жауып бітетін сома емес. Жалпы 15-20 миллион теңгеге дейін ұтылдым", - дейді Марат.

Марат лудоман екенін қашан түсіне бастады? 

Ол лудоман екенін, ұтыс тігуге деген тәуелділік барын екі жыл бұрын түсінген. Осылайша интернеттен лудомания деген дерттен арылудың жолдары туралы түрлі материалдар оқи бастаған. 

"Адам "болды, тоқтауым керек" деп қашан түсінеді? Көп жағдайда, Ол қатты ұтылған кезде түсінеді. 2-3 жыл бұрын қатты ұтылған кезде интернеттен "ұтысқа ақша тігуді қалай қою керек?" деп ақпарат іздей бастадым. Ізденіп тапқан Zoom-конференцияларға аноним түрде қатысып, адамдардың өзімен тікелей сөйлесе бастадым. Ол жерде көлігінен, пәтерінен, бар тапқанынан, ең өкініштісі ойын үшін отбасынан айырылған адамдар оқиғаларын айтып отыратын. Бірақ ол әңгімелер маған екі түрлі әсер етті. Біріншіден, "менен де бетер адамдар бар екен ғой, маған әлі ойнай беруге болады екен ғой" деген ой келді. Бір жағынан "мен сондай жағдайға түссем не істеймін?" деген қорқыныш болды", - дейді Марат.


Көрнекі сурет: Тұрар Қазанғапов

Ол лудоманды лудоман ғана жақсы түсінетінін айтады.

"Себебі олар бір-біріне қатты әсер ететін сөздер айтады. Маған ең қатты әсер еткен сөз болды - "Азарт - адамның ішіңдегі арыстан секілді. Сен оны басқара алмайсың, өлтіре алмайсың. Тек торға салып қоя аласың". Сол сөзді жаттап алдым. Бірақ ол кезде де ойынды қойып кеткен жоқпын. Алайда ұтысқа ақша тігуді қоюды сол кезден қолға ала бастадым. Уақыт өткен сайын сол сөздер есіме түсіп отырды", - дейді ол. 

Марат Лудоманға айналғанын ешбір жақынына, досына айта алмаған.

"Жақындарым менің қалай ойынқұмар-ауруға айналғанымды түсінбейді деп ойладым. Себебі жақсы оқып, жақсы жұмыс жүрдім, ешқандай артық жаман әдеттерім болмады. Кейіннен ресейлік чаттарға қосыла бастадым. Ол чаттарда өзгелердің бастан өткен оқиғаларын оқып, ешкімге айта алмайтын нәрселерімді айтып, лудоман екенімді мойындап, бір жеңілдеп қалатынмын. Күн сайын неше түрлі жағдайда жүрген лудомандармен ақыл кеңес алмасатынбыз. Бұрын көп уақыт ойнап лудоманға айналған, бірақ қазір өз өмірін қолға алған адамдармен тікелей сөйлесу маған қатты әсер етті. Іште лудоманияны жеңуге болады деген сенім пайда болды және көп ұзамай менде барлық ұтыс тігулерді тоқтаттым. Одан бөлек, шетелдік тәжірибелерді де қарадым. Мысалы Ұлыбритания, АҚШ, Жаңа Зеландия сияқты елдерде лудомандарды қолдау сайттары, жедел желілер ұйымдастырылған. Лудомандар хабарласып, психолог-операторлармен сөйлеседі. Яғни лудомания - дәрімен емделетін ауру емес. Оны тек адамдар сөйлесіп, ойын өзгерту арқылы емдей алады. Сол мақсатта өзім де тегін чат аштым, - дейді ол.

"Қазір маған ұтысқа ақша тігу жиіркенішті"

Марат ұтысқа ақша тігу жиіркенішті көрінетінін айтады.

"Қазір маған ұтысқа ақша тігу жиіркенішті. Маған қызық емес. Кезінде қарыздарымды жабу үшін деп ойнайтынмын. Бірақ, керісінше, ойнаған сайын қарызым көбейді. Сондықтан қазір ұтыс тігу туралы жарнамадан көрсем де миымда автоматты түрде "қорғаныш" тұр. Қарыз - ұтыспен қайтаратын нәрсе емес. Адам өзінің ойын саналы түрде өзгертпей лудоманияны жеңе алмайды. Бірақ үш жыл бұрын біреу келіп, "не үшін ойнап жүрсің? жеңілесің ғой" деп айтса мен оны тыңдамайтын едім.

Лудомандардың көп оқиғасын естідім ғой. Өкініштісі, көбі мен сияқты өзінің түбіне жеткеннен кейін ғана өзгере бастаған. Яғни, лудоманның миында "Ұтыс тігу - жақсы нәрсе" деген иллюзиялар бар кезде және сол иллюзияларды тудыратын жарнамалар көшенін әрбір шетінде, ғаламтордың әрбір сайтында жарияланып тұрған ортада оны тоқтату қиынның қиыны. Мен ашқан тегін чатта лудомандар, олардың туыстары, достары бір-бірімен ашық сөйлесіп, қолдау білдіріп, сол бір "ойын жақсы" деген иллюзиялардан арылуға көмектеседі", - деп әңгімеледі Марат.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина