Әлеуметтік желіде "Жамбыл облысында 14 жастағы қызды белгісіз біреу ұрлап әкетіп, зорлаған" деген ақпарат тарады. Massaget.kz осыған байланысты құзырлы органдарға сауал жолдады.
Мән-жайы
Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, Қордай ауданында мүгедектігі бар қызды әлдекім бірнеше рет ұрлап әкетіп, жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Осыдан кейін қыз жүкті болған.
Білім басқармасы не дейді?
Жамбыл облысы Білім басқармасы мәліметінше, жасөспірімге қатысты сексуалдық сипаттағы әрекет жөніндегі арыз 22 қыркүйекте Қордай аудандық полиция басқармасында тіркелген.
"ҚР ҚК-нің 122-бабы 1-бөлігі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысында жасөспірім "жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі" диагнозымен үйден оқытылатын бала екені анықталды", - деп жазылған Massaget.kz-ке берілген жауапта.
Полиция не дейді?
Жамбыл облысы Полиция департаменті де қылмыстық іс қозғалғанын, күдікті ұсталғанын растады.
"Кәмелетке толмаған қыздың анасының арызы бойынша полиция дереу соталды тергеп-тексеруді бастады. Күдікті жедел анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазір тергеу жүргізіліп, қылмыстық іске қатысушылардың жауаптары тексеріліп, дәлелдер жиналып жатыр. Тергеу органдары істің барлық мән-жайын мұқият анықтап, зерделейді. Тергеп-тексеру нәтижесі бойынша заңды шешім қабылданады", - деп жазылған жауапта.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова