- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 14 адамның өліміне...
14 адамның өліміне себеп болды: “Семей орманы“ екі қызметкеріне қатысты үкім өзгеріссіз қалды
Абай облыстық соты "Семей орманы" резерватының екі қызметкеріне қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қайта қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін І сатыдағы сот үкімімен В. және К. өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін (абайсызда 14 адамның өліміне әкеп соқтырды) кінәлі деп танылып, әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Сотталушылар үкіммен келіспей, олардың адвокаттары апелляциялық шағымдарында үкімнің күшін жоюды және ақтауды сұраған.
Бірінші сатыдағы сот орман өрті кезінде "Семей орманы" резерватында басшылық лауазымдарды атқарған В. және К. өрт сөндіруді ұйымдастыру бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді орындамағанын, жағдайды дұрыс бағаламаған және өртті сөндіру кезінде қауіпсіздік техникасының сақталуын қадағаламағаны, мұның салдары 14 адамның қаза болуына әкеп соқтырғанын анықтады.
"Апелляциялық шағымдарды қарағаннан кейін алқа үкімнің күшін жою үшін негіздерді қарастырмады, өйткені сотталғандардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, жүргізілген сараптамалармен, оқиға болған жерді тексеру хаттамаларымен, заттай дәлелдемелерді алу хаттамаларымен және істің басқа материалдарымен толық дәлелденді", - делінген хабарламада.
Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен үкім өзгеріссіз қалып, апелляциялық шағымдар қанағаттандырылмады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан