13 тісін емдеткен ер адам аузын жаба алмай қалған

13 тісін емдеткен ер адам аузын жаба алмай қалған
Фото: depositphotos.com

47 жастағы ұлыбританиялық Дэнни Томлинсон Түркияға барып, 13 тісіне коронка салдырғаннан кейін қиын жағдайға тап болды. Қазір ол тамақты дұрыс жей алмайды, тіпті аузын толық жаба алмай қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Mirror-ға сілтеме жасап. 

Ер адамның айтуынша, ол бұрын тістерінің қисық, сарғайған әрі дақ басқан түріне көңілі толмаған. Сол себепті 2020 жылы Түркиядағы клиникалардың біріне барып, тісін жасатуға шешім қабылдаған. Дәрігерлер оның жоғарғы және төменгі тістерін егеп, коронка орнатқан. Қызмет құны 3,9 мың фунт стерлинг, яғни шамамен 2,5 миллион теңге болған. 

mirror.co.uk

Алғашында Томлинсон жаңа тістеріне риза болған. Бірақ еліне оралғаннан кейін көп ұзамай қиындықтар басталған. Төменгі тістері қозғалып, босап қалған. Ол мәселені шешу үшін Түркиядағы клиникаға тоғыз рет барғанымен, дәрігерлер тек тазалау жасап, қайтара бергенін айтады.

Кейін Ұлыбританиядағы стоматолог оның жоғарғы коронкалары мен төменгі төрт тісін ауыстыру қажет болуы мүмкін екенін ескерткен. Ер адам енді бұрын брекет салдырмағанына өкінетінін айтты.

Қазір Томлинсон тамақты тістеп жей алмайды. Аузы да толық жабылмайды. Ал ұлыбританиялық дәрігерлер тісін қайта жөндеуге шамамен 40 мың фунт стерлинг, 25,7 миллион теңге қажет екенін айтқан. Мұндай қаражаты жоқ ер адам тістері бір күні мүлде түсіп қала ма деп қорқып жүр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget