Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутат Анас Баққожаев мемлекеттік борыш көлемін азайту мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат бұл сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.
"Біз Үкіметтің дайындаған есебін көріп отырмыз. 2022 жылғы бюджеттің шығыс бөлігі негізінен салықтық, салықтық емес ұлттық қордан бөлінген трансферден, ал қалған бөлігі қарыз қаражатынан қамтамасыз етіліп отыр. Бұл - қауіпті нәрсе. 2030 жылға дейін Мемлекеттік қаражатты басқару бойынша тұжырымдамаға сәйкес 2030 жылға қарай мемлекеттік борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығындар жалпы бюджет шығынының 10 пайызынан аспауға тиіс. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш - 7 пайыз. Ақшамен алатын болсақ, 1,3 триллион теңге. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,5 миллиард теңгеге көп. Осы уақытқа дейін алынған қарыздарды қайтаруға арналған қаражатты ескеретін болсақ, осы борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыстардың жалпы жиынтығы - 2,9 триллион теңге. Бұл - шығыс бөлігінің 15,5 пайызы. Ұлттық қордан түсетін трансферлерді ескермесек, бұл - мемлекеттік кірістің 25,2 пайызы. Осыған байланысты, Әлихан Асханұлы, мемлекеттік борыш көлемін азайту үшін қандай шаралар қолданылып жатыр? Сонымен қатар, мемлекеттік борышқа байланысты орташа және ұзақ мерзімдегі перспективалар бойынша болжамыңыз қандай?" - деді ол.
Бұл сауалға премьер-министр Әлихан Смайылов жауап берді.
"Мемлекеттік борышты азайту мәселесі Үкіметтің тұрақты назарында және осы саладағы жұмыс халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Қазір ол қауіпсіз деңгейінде қалыптасып тұр. Жалпы ішкі өнімде 24,7 пайыз. Мемлекеттік борышты азайту және соған байланысты бюджет шығыстарын азайту мәселесін шешу үшін Үкімет бірқатар шара қабылдап жатыр. Біріншіден, республикалық бюджеттің тапшылығын жалпы ішкі өнімге 2,7 пайыздан кезең-кезеңмен төмендету. Ол жаңа қарыздарды алуға және шығыстарды шектеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, бюджеттің кірістерін ұлғайту. Ол үшін әрі қарай салықтық әрі кедендік әкімшілендіру жетілдіріледі, цифрландыру жалғасады. Мысалы, былтырдың қорытындысы бойынша бюджеттің кірісі 42 пайызға өсті. Биыл да өсім 40 пайыз болады деп жоспарлап отырмыз. Үшіншіден, қарызды ішкі нарықтан теңгемен алуға басымдық беріп отырмыз. Бұл валюталық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Төртіншіден, мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге енгізу, халықаралық депозитариді тарту. Ол бізге шетелдік инфесторларды татуға мүмкіндік береді. Жалпы, 5 жыл ішінде мемлекеттік борыш деңгейі қауіпсіздікте әрі ішкі өнімге 25 пайыздық шегінен аспайды деп болжап отырмыз", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!