Балаларға қатысты жантүршігерлік зорлау оқиғасы Жамбыл облысында орын алған. Ер адам 13 жыл бойы туған қызы мен жиенін зорлап келген. Жәбірленушілердің сөзінше, туыстары бәрін білсе де, зорлықшыны жасырып келген. Балалардың шағымына мектеп пен полицияда назар аудармаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Резонансты жағдай туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның "One-Stop-Service - Бір қадам" жобасының жетекшісі Айман Омарова айтты.
"2023 жылдың 7 қазан күні біздің жобаға 2003 жылғы қыз жүгінді. Ол бала күнінен анасының туған ағасы тарапынан зорлық көріп келе жатқанын айтты. 2023 жылдың 7 қазанынан бастап 2024 жылдың 7 қарашасына дейін онымен біздің психолог жұмыс жасады. Ол ағасының сегіз жыл бойы зорлық көрсеткенін айтқан. Бұл туралы оның әйеліне айтқан кезде, күйеуімді алып кеткің келіп жүр деп өзіне ұрсып берген. Одан бөлек, қыз туған анасына да шағымданады. Ол қызды ауруханаға апарып, қыздың жағдайын дәрігерге баяндайды. Сол жерде полиция қызметкерлерін шақыртқан, бірақ анасы айтқан сөзін жоққа шығарып, қызын үйіне алып кеткен. Полиция баланың отбасындағы зорлық әрекетіне қатысты шағымы бойынша тергеу амалдарын бастамаған", - деді Айман Омарова.
Анықталғандай, қызға ешкім қолдау білдірмеген, керісінше, бәрі қыздың өзін айыптап, ағаларының балаға қатысты әрекетіне көз жұмады.
"2019 жылы қыз бала небәрі 15 жаста жеті апталық жүктілігімен аудандық ауруханаға жүгінеді. Ол кезде істің немен аяқталғаны белгісіз", - деді жоба жетекшісі.
"Қыз бала 16 жасқа толғанда анасы оны танымайтын 36- жастағы ер адамға күштеп тұрмысқа беріп, фазендаға апарып тастайды. Бір апта бойы оны "жаңа күйеуі" зорлап, кейіннен қыз қашып кеткен. Амалы құрыған соң, сынып жетекшісіне барып жағдайды түсіндірген екен, бірақ ол да ешқандай шара қолданбай, оқушы қызды анасына жібереді. Үйіне оралған жәбірленушіні анасы моншаға қамап қойған. Сол күні ағасы келіп таяқтың астына алып, тағы да зорлық әрекетін жасайды. Кейіннен оны ағасының ұлы зорлап, артынша достарымен бірге нөмірге жіберген", - дейді Айман Омарова.
Қорлыққа шыдай алмаған қыз өзіне-өзі қол жұмсамақшы болады.
"Осыдан кейін ол үйінен қашып кетіп, басқа бір отбасыға бала күтушісі болып орналасады. Қыз күтуші болған сәбидің анасы оның мүшкіл жағдайын естіп, айлығын төлемей, үйден қуып шығады. Қыз таныстары арқылы қарт әйелдің үйіне күтуші болып жұмысқа орналасады. Осы жылдың қараша айында денсаулық жағдайына байланысты анасы үйіне шақырып алған. Үйінен оралғанда қыз баланың жағдай мүлдем мүшкіл болды. Біздің қыздар оның денесінен көгерген іздерді байқады. Кейіннен ол ағасы зорлап, тағы да ұрып-соққанын мойындады. Ол қатты күйзелісте болды. Біз оған полицияға жүгінуге кеңес берген едік, ағасының ол жерде таныстары бар екенін және оның сөзіне ешкім сенбейтінін алға тартты", - деп жалғастырды әңгімесін қор басшысы.
Екі аптадан кейін қыздың жүрегі айни бастаған. Қаңтар айының басында УДЗ жасап, ағасының үстінен арыз жазуға барған.
"Кейіннен біздің қыздармен хабарласып, зорлықшы ағасының ұрып-соғуларына шыдамай үйден қашқан туған қызына көмектескенін айтады. Одан бөлек, ағасы ұзақ жылдар бойы туған қызына да зорлық көрсеткенін мәлімдеді. Отбасындағы үшінші баланың да осы еркек тарапынан зорлыққа ұшырағаны туралы ақпарат бар. Оның әйелі мен әпкесі жылдар бойы жасап жүрген әрекетінен хабардар болып келген", - деді Айман Омарова.
Омарованың сөзінше, 6 қаңтар жәбірленуші қыз ағасының үстінен арыз жазбақшы болған, бірақ кейіннен мүлдем хабарсыз кеткен. Орталық қызметкерлерінің шуынан кейін, полиция мен волонтерлер қыз баланы іздестіру жұмыстарын жүргізеді.
"Біз барлық тиісті жерлерге хабарласып, қызды таптық", - деді Айман Омарова.
Айта кетейік, 7 қаңтар күні Tengrinews.kz редакциясы Жамбыл облысының полиция департаментіне хабарласып, аталған фактілерге қатысты пікір беруді сұрады.
"Бұл оқиға Қордай ауданының полиция бөлімшесінде ақпараттарды есепке алу кітабына тіркелді. Қазіргі уақытта 21 жастағы азаматшаның мекенжайы анықталып, ол Қордай аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Ол жыныстық зорлық фактісін жоққа шығарып отыр", - деп хабарлады ведомство.
Алайда Айман Омарованың айтуынша, қыз психологиялық тұрғыдан ауыр жағдайда, үрей мен қорқыныштан әлсіреген, барар жері, сүйенер ешкімі жоқ. Сондықтан полициямен әңгімелесу кезінде сөзінен бас тартуы әбден мүмкін.
"Полиция бұл істі тағы тіркемей қоюға тырысты... Кеше қыз тағы да өзіне-өзі қол жұмсауға әрекет жасады... Бізде оның бала кезінде зорлық туралы шағымданғанын растайтын құжат бар. Бұл жолы біз істі соңына дейін жеткіземіз", - деді Айман Омарова.
9 желтоқсан күні Жамбыл облысының полиция департаментінен толықтырылған жауап келді.
"Полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабының 1-бөлігі ("Өзін-өзі өлтіруге жеткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Тергеудің толықтығы, әділдігі мен жан-жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған барлық қажетті тергеу-оперативтік шаралар жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді ведомство.
"Балаларға жасалған жыныстық зорлық-зомбылық ата-аналары, туыстары және басқа да адамдар тарапынан ұзақ жылдар бойы жасырылғаны, сондай-ақ құқық қорғау органдарына бірнеше рет шағым жасалғаны белгілі. Бірақ олардың ешқайсысы нақты әрекетке айналмады. Қазіргі уақытта жыныстық зорлық фактілері бойынша бірде-бір қылмыстық іс тіркелген жоқ. Біз зорлық құрбандарына жан-жақтан қысым жасалып жатқанын көріп отырмыз", - деді "One-Stop-Service – Бір қадам" жобасының жетекшісі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!