13 жыл күткен ойын: GTA 6 қазақстандықтарға қашан қолжетімді болады?

Ойын индустриясында ең көп күткен премьера уақыты да келіп жетті. Жаңа Зеландиядағы ойыншылар Grand Theft Auto VI ойынын іске қосып үлгерді, ал сыншылар Rockstar Games студиясының жаңарған жобасына жоғары баға бере бастады. Қазақстанда GTA 6 19 қарашаға қараған түні қолжетімді болады, – деп хабарлайды Massaget.kz.

GTA дәуіріндегі жаңа тарау

Grand Theft Auto сериясының алдыңғы негізгі бөлімі – GTA 5 2013 жылы жарық көрді. Содан бері арада 13 жыл өтті. Осы уақыт ішінде ойын бірнеше буын консоліне бейімделіп, әлемдегі ең көп сатылған ойындардың біріне айналды.

GTA 6 бұрынғының қарапайым жалғасы емес, ойын индустриясындағы аса ірі оқиға ретінде қабылданып отыр. Жобаның алғашқы трейлері жарияланған күннен бастап рекордтық көрсеткіштер тіркелді. Мәселен, алғашқы бейнеролик бір тәулікте 93 миллионнан аса қаралым жинаса, екінші трейлер әртүрлі платформада бір күнде 475 миллионнан аса рет қаралған.

Rockstar Games ойынды 2026 жылғы 19 қарашада PlayStation 5 және Xbox Series X/S платформаларына шығаратынын ресми түрде жариялаған. Әр мемлекетте ойын жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 00:00-де ашылатындықтан, Жаңа Зеландия тұрғындары GTA 6-ны алғашқылардың бірі болып іске қосты.

Алғашқы кадрлар желіге тарады

Жаңа Зеландияда релиз басталғаннан кейін әлеуметтік желілерде ойынның бастапқы экраны мен геймплейінен түсірілген видеолар пайда болды. Ал кейбір стримерлер аймақтық шектеулерді айналып өтіп, трансляция бастаған.


Скриншот: Twitch

GTA 6 көрсетілімдерін стриминг платформаларында бір мезетте шамамен 2,5 миллион адам тамашалағаны хабарланды. Ойыншылар жаңа Вайс-Ситиді аралап, көлік жүргізу, кейіпкерлердің қозғалысы сынды ерекшеліктерін көрсете бастады. 

Ойынның көлемі де назар аудартады. PlayStation мәліметіне сәйкес, GTA 6-ны алдын ала жүктеу үшін құрылғыда кемінде 212 гигабайт бос орын болуы қажет. Жаңа Зеландиядағы интернет-провайдерлер релиз кезінде желіге түсетін салмақтың күрт артуына дайындалған.

Сыншылар қандай баға бере бастады?

Алғашқы кәсіби шолулар GTA 6-ның айналасындағы көпжылдық үмітті ақтағанын көрсетеді. OpenCritic платформасында ойынның орташа көрсеткіші 100 балдың 98-не жеткен. Шолушылардың 100 пайызы оны ойнауға ұсынған.

Сыншылар Rockstar Games студиясы ашық әлемнің ауқымын, графикасын, музыкалық безендірілуін және кейіпкерлер оқиғасын біртұтас жүйеге айналдыра алғанын атап өтті.

Giant Bomb өкілі Дэн Райкерт студия ең көп жарнамаланған ойынға қойылған үміттен де асып түсті деп бағалады. DualShockers журналисі Стив Хэнли GTA 6-ны ойын тарихындағы ең көлемді әрі үздік жобалардың бірі деп атады.

TheSixthAxis басылымының шолушысы Аран Садди ойынға 10 балдың 9-ын берген. Оның пікірінше, басты кейіпкерлер Люсия мен Джейсонның оқиғасы жақсы жазылған, ал қосалқы кейіпкерлер сюжетті толықтыра түседі. Миссияларды орындаудағы еркіндік пен құпияға толы ашық әлем де жоғары бағаланған.

The Guardian шолушысы Кеза Макдональд ойын әлемінің шынайылығына назар аударған. Оның сөзінше, GTA 6 технологиялық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенімен, серияға тән ащы сатира, тұрпайы әзіл мен бейберекет әрекет еркіндігін жоғалтпаған.

Ал VGC басылымы жобаны "заманауи шедевр" деп атады. Шолуда кейбір техникалық кідірістер болғанымен, олардың жалпы әсерге айтарлықтай ықпал етпейтіні айтылған. 

Ойындағы оқиға қай жерде өтеді?

GTA 6 оқиғасы АҚШ-тың Флорида штаты негізінде жасалған ойдан шығарылған Леонида штатында өрбиді. Ойынның басты орталығы – Вайс-Сити. Бұл қала серия жанкүйерлеріне бұрыннан таныс болғанымен, жаңа бөлімде ол қазіргі заманға бейімделіп, әлдеқайда ауқымды түрде қайта жасалған.

Ойыншылар тек мегаполисті емес, оның маңындағы жағажайларды, батпақты алқаптарды, шағын елдімекендер мен табиғи аймақтарды да аралай алады.

Rockstar Games жаңа бөлімде қазіргі интернет мәдениетін нысанаға алған. Әлеуметтік желілер, қысқа видеолар, стримерлер, желідегі даңқ пен жұрт назарын аударуға ұмтылу ойын әлемінен көрініс табады.


Grand Theft Auto VI скриншоты

Люсия мен Джейсон кімдер?

GTA 6 оқиғасының ортасында Люсия Каминос пен Джейсон Дюваль есімді екі кейіпкер бар. Олар бір-біріне сенуге мәжбүр болған қылмыстық жұп ретінде таныстырылады.

Ойынның алғашқы трейлерінде Люсия түрмеде көрсетілген еді. Кейінгі материалдар оның Джейсонмен бірге қауіпті қылмыстық оқиғаларға араласатынын аңғартты. Кейіпкерлердің қарым-қатынасы әйгілі америкалық қылмыскер жұп Бонни мен Клайдтың оқиғасын еске салады.

Алғашқы шолуларға қарағанда, жаңа бөлімде кейіпкерлердің жеке тағдыры мен эмоциялық байланысына бұрынғы ойындарға қарағанда көбірек көңіл бөлінген.

Ойынды өтуге қанша уақыт кетеді?

Бейресми дерекке сүйенген шетелдік басылымдар негізгі оқиға бес тараудан және жүзге жуық миссиядан тұруы мүмкін екенін жазған. Сюжеттік желіні аяқтауға шамамен 50 сағат, ал ойынды толық зерттеп, барлық тапсырманы орындауға 200 сағатқа дейін уақыт кетуі ықтимал.

Алайда Rockstar Games сюжеттің нақты ұзақтығы мен миссиялар санын ресми түрде растаған жоқ. Сондықтан бұл көрсеткіштер ойыншылардың толық тәжірибесі мен кейінгі талдаулар шыққанша алдын ала мәлімет ретінде қарастырылуға тиіс.

GTA 6 қанша тұрады?

Ойынның екі негізгі нұсқасы ұсынылған:

  • Standard Edition – 79,99 доллар: негізгі сюжеттік науқан кіреді;
  • Ultimate Edition – 99,99 доллар: ойынмен бірге қосымша цифрлық бонустар беріледі.

Теңгеге шаққандағы сома валюта бағамы мен консоль дүкеніндегі аймақтық бағаға байланысты өзгеруі мүмкін. Стандарт нұсқаның құны шамамен 39 мың, ал кеңейтілген нұсқасы 49 мың теңге шамасында. 

Әзірге GTA 6 тек PlayStation 5 және Xbox Series X/S консольдеріне шығады. Дербес компьютерге арналған нұсқаның мерзімі ресми түрде жарияланған жоқ.

Қазақстанда қашан қолжетімді болады?

Rockstar Games кестесіне сәйкес, ойын әр аймақта 19 қараша күні жергілікті уақыт бойынша сағат 00:00-де қолжетімді болады. Демек қазақстандық ойыншылар GTA 6-ны 19 қарашаға қараған түні іске қоса алады.