128 мың адамға қызылшаға қарсы екпе салынады - министрлік

128 мың адамға қызылшаға қарсы екпе салынады - министрлік
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Елімізде қызылшаға қарсы екпе салу жұмысы күшейеді. Бүгінде 128 мың адамға вакцина салынады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгінде 600 мыңнан аса балаға жоспарлы түрде вакцина салынған. Бұл - 1 жас және 6 жастағы балалардың 84 пайызы деген сөз әрі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес келеді. Жыл соңына дейін осы жас тобындағы 100 мыңнан аса балаға вакцина салынуға тиіс. Қызылша ауруы бар ошақтарда шұғыл вакцинациялаумен 15 мыңнан аса адам қамтылды. 18 жасқа дейінгі, бұрын егілмеген 63 мың адамға екпе салынды. Бұл тиісті контингенттің 50 пайызы ғана, әлі 128 мың адамға екпе салуымыз керек", - деді Ажар Ғиният Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, қызылша жұқтырғандардың 65 пайызы - 5 жасқа дейінгі балалар.

"Осыны ескеріп, қарашадан бастап 1 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды қосымша жаппай иммундау басталды. Бүгінде 94 мың бала қамтылып отыр. Жалпы биыл 770 мыңнан аса бала егілді. Қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 миллион дозасы сатып алынды. Оның 500 мың дозасы келіп түсті. Желтоқсанда 1 миллион дозаға жеткізуды жоспарлап отырмыз", - деді ведомство басшысы.

Ажар Ғиният бүгінде 2005, 2015, 2019 жылы туған балалар қызылша жұқтырып жатқанын айтты.

"Қосымша иммундаудың тиімділігі 2005, 2015 және 2019 жылдардағы қызылшаның алдыңғы өршуі кезінде дәлелденді. Сондықтан біз желтоқсанның ортасында сырқаттанушылықты азайтуға мүмкіндік беретін қосымша жаппай иммундаумен жоғары қамтуға қол жеткізуіміз керек", - деді министр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қызылша жұқтырған 30 бала жансақтау бөліміне түскені хабарланды. Оның 15-і - сәби. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz