Криштиану Роналду Sportico нұсқасы бойынша 2025 жылғы ең көп табыс тапқан спортшылар рейтингінде бірінші орынға шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
40 жастағы шабуылшы жыл ішінде 260 миллион доллар (122 миллиард теңге) тапқан. Оның ішінде 200 миллион доллар Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубындағы жалақысы болса, тағы 60 миллион доллар - демеушілік келісімшарттардан және алаңнан тыс қызметтен түскен табыс
Тізімдегі екінші орынға мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес жайғасты. Оның жылдық табысы 137 миллион долларға жеткен: 125 миллионын рингте тапса, тағы 12 миллионы жарнамалық келісімдер арқылы келген.
Үздік үштікті жалпы табысы 130 миллион доллар болған Лионель Месси түйіндеді. Аргентиналық футболшы "Интер Майами" клубында жалақы ретінде 60 миллион доллар алған, ал 70 миллион доллар демеушілік келісімдерден түскен.
Сондай-ақ, ең көп табыс табатын спортшылардың үздік ондығына мыналар кірді: "Нью-Йорк Метс" бейсболшысы Хуан Сото (129,2 млн), "Лос-Анджелес Лейкерс" форварды Леброн Джеймс (128,7 млн), "Әл-Иттихад" шабуылшысы Карим Бензема (115 млн), "Голден Стэйт" ойыншысы Стефен Карри (105,4 млн), "Лос-Анджелес Доджерс" бейсболшысы Сёхэй Отани (102,5 млн), "Хьюстон" форварды Кевин Дюрант (100,8 млн) және гольфшы Джон Рам (100,7 млн).
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!