Қазақстанда есірткі қылмысы үшін жаза өзгерді. Заң бойынша есірткі таратушылар жазасы жеңілдетілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ресми деректерге сүйенсек, қазір 16-30 жас аралығындағы шамамен 1200 адам осы қылмыс үшін қамауда отыр. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов мәлімдеді.
Полицейдің айтуынша, былтыр жыл соңында Мемлекет басшысы есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды жетілдіруге бағытталған заңға қол қойған. Бұл заң 3 наурыздан бастап күшіне енді.
Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес Қылмыстық кодекстің 297-бабындағы есірткі сатумен айналысатындар, соның ішінде таратушылар үшін қылмыстық жауапкершілік сақталған. Алайда қылмыс алғаш рет жасалса және есірткіні өндіру, қайта өңдеу әрекеттері болмаса, жаза жеңілдейді.
Жалпы алғаш рет қылмыс жасаған есірткі таратушылардың жаза мерзімі қысқармақ.
"Қылмыстық кодекстің 297-бабы 1-бөлігі бойынша 5 жылдан 8 жылға дейін (бұрын 10 жылға дейін болған) қысқарды. Бұл аз мөлшердегі есірткіге қатысты. 2-бөлім бойынша жаза 6 жылдан 12 жылға дейін болса, енді 10 жылға дейін қысқарды (ірі мөлшердегі есірткіге қатысты). 3-бөлім бойынша бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін жаза қарастырылса, енді 7 жылдан 12 жылға дейін қысқартылды. Бұл - мемлекет тарапынан рақымшылықтың бір түрі", - деді ведомство өкілі.
Сондай-ақ, заңға сәйкес сотталған есірткі таратушыларға шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жаза түріне ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған. Әрбір сотталушының жағдайы жеке қаралады.
"Бұл тәсіл қазір қамауда отырған жастарға ертерек босап, жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді", – деді Қуандық Әлжанов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова