120% үстемемен қарыз берген: Қостанайда заңсыз кредитор сотталды

Қостанай облысында заңсыз микрокаржылық қызметпен айналысып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырған жергілікті тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті күдіктінің заңнамада көзделген лицензиясыз мүлікті кепілге қойып қарыз беру қызметін ұйымдастырғанын анықтады.

Тергеу мәліметінше, ол клиенттерді тарту үшін OLX және Instagram платформаларында жарнама орналастырып, қаржылық қиындыққа тап болған және банктерден несие ала алмаған азаматтарға жылдық мөлшерлемесі 120 пайызға дейін жететін жоғары пайызбен қарыз берген.

Сонымен қатар нотариалды куәландырылған шарттарда қарыздың нақты сомасы емес, алдын ала есептелген сыйақы, ресімдеу шығындары және өзге де төлемдер қосылып, негізсіз ұлғайтылған сома көрсетілген.

Мәселен, жәбірленушілердің бірі іс жүзінде 9 миллион теңге алғанымен, құжатта 14 миллион теңге көрсетілген. Кейін оған 18 миллион теңге көлеміндегі тағы бір қарыз шарты рәсімделгенімен, бұл қаражат іс жүзінде берілмеген. Соның нәтижесінде сот шешімімен азаматтан 26 миллион теңге өндірілген.

Ведомствоның мәліметінше, заңсыз әрекеттер салдарынан 50-ден астам адам өздері үшін тиімсіз шарттармен қарыз міндеттемелеріне тартылған. Ал қылмыстық жолмен алынған кіріс көлемі 1 миллиард теңгеден асқан.

Сот үкімімен айыпталушы 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ сот қылмыстық табысқа сатып алынған төрт пәтерді, екі жер телімін және Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500, Hyundai Santa Fe автокөліктерін мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!