Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбаевтың аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкереледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деген күдікке ілінген.
Негізгі мақсат - ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу. Бұл үшін заңнамаға қайшы ауыл шаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды.
Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді.
Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды. Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған.
Алмасбек Садырбаев ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, Алмасбек Садырбай Агросалада есімі белгілі адам. "Шопан-ата" агро-қозғалысының төрағасы, агросарапшы ретінде ол саладағы мәселелерді ашық айтып, үнемі қоғам назарында жүреді.
Ашық дереккөздерде оның Орталық Азия университетін "Экономика" мамандығы бойынша бітіргені жазылған. Ұлысмедиа мәліметінше, Алмасбек Садырбаев Алматы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Agroholding QAZYNA басқарма төрағасы, 2017 жылдан бастап Гэмпшир, Суффолк және ет мериносы тұқымдарының етті бағыттағы қойларының республикалық палатасының төрағасы болған. 2018 жылдан бастап "Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарса, 2019 жылдан бастап Алмасбек Садырбаев Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарып келеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!