Қазақстанда 12 жылдық білім беру бағдарламасын 11 жылға сыйғызу мәселесі зерттеледі. Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігінде арнайы комиссия құрылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты. Бұл мәселе 12 жылдық оқу жүйесі енгізілген Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі (НЗМ) оқыту жүйесін талқылау кезінде көтерілген.
Министрдің айтуынша, қазір ведомство білім беру бағдарламаларын талдап жатыр.
"Бүкіл бағдарламаны 11 жыл ішінде аяқтауға болатын-болмайтынын қарастырып жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, Назарбаев зияткерлік мектептері - толық күн оқитын мектептер. Балалар таңғы 8-де келіп, кешкі 5-те кетеді. Оларда аптасына сегіз жеке сағат бар", - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрлік басшысы теориялық тұрғыдан 12 жылдық бағдарлама мазмұнын біріктіруге болатынын айтты.
"Осы мақсатта комиссия құрдық. Бұл жұмыс жалғасып жатыр", - деп толықтырды ол.
Шенеунік кейбір ата-аналар оқу ұзақтығына байланысты балаларын 10-сыныптан кейін НЗМ-дан алып кететінін де айтты. Ал жалпы білім беретін мектептерде негізгі орта білім 9-сыныптан кейін, ал НЗМ-да 10-сыныптан кейін аяқталады.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Комиссия бағдарламаларды зерделеп, қазіргі үлгінің тиімділігін анықтауға тиіс.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова