- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- «12 жылда 10...
«12 жылда 10 директор ауысқан». Антикор Семейді жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорын туралы айтты
Семейді жылумен қамтамасыз етіп отырған "Теплокоммунэнерго»"кәсіпорнында соңғы 12 жылда 10 директор ауысқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облыстық департаменті өкілдерінің хабарлауынша, "Теплокоммунэнерго" мекемесінің басшылары тым жиі ауысады. Мәселен, 2010-2022 жылдары кәсіпорында 10 директор жұмыс істеген.
"Жыл сайын басшының ауысуы кәсіпорынның өндірістік және қаржылық жағдайына кері әсерін тигізді. Бізді таңғалдырған тағы бір жәйт, мекеме директорының 4 бірдей орынбасары бар екен. Мұнша орынбасардың не үшін қажет болғанын түсінбедік" дейді ведомство өкілдері.
Кәсіпорынға сыртқы талдау жүргізген антикор қызметкерлері мекеменің тауарды сатып алу кезінде құны 1 миллиард теңгеден асатын 252 келісімшартқа заңсыз қол қойғанын да анықтапты. Жылу беру нысанының басшылығы мемлекеттік сатып алу порталына жүгінбей, тауар жеткізушімен тікелей, яғни бір көзден келісім жасаған көрінеді. Мәселен, 2022 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінен нарықтағы құны 20 миллион теңгеден аспайтын үш сорғыны 40 миллион теңгеге сатып алған. Жалпы, 2009-2022 жылдары Семейдің жылу нысандарын жаңартуға мемлекеттік бюджеттен 40 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Бір ғана №1 Жылу электр орталығын жаңғыртуға мемлекеттен 26 миллиард теңге қарастырылған. Қаражаттың 24 миллиард теңгесі игерілгенімен құрылыс әлі күнге дейін аяқталмаған.
Айбын Алтай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы