Табиғи апатқа тап болған бұқараға болысып жатқандар жетерлік. Ерік-жігері, елге деген махаббаты ерек еріктілер еліміздің түкпір-түкпірінен Құлсарыдағы қарашаға көмек көрсетіп жатыр. Жергілікті жұрттың қиын-қыстау кезеңде көмегін аямаған Қазақстандықтарға алғысы шексіз", - деп хабарлайды Құлсары қаласына арнайы барған Massaget.kz тілшісі.
Қызыл судың қоршауында қалған қалаға Астанадан, Маңғыстаудан, Атыраудан киім-кешек пен азық-түлік толассыз келіп жатыр. Баспанасынан айырылып, көңілін қаяу басқан бұқараға бұл да үлкен көмек. Өйткені жергілікті жердегі дүкендер үш күннен бері қызметін тоқтатқан.
Қарашаға қажетті заттардың бір бөлігі мешіттерге келіп жатыр. Жергілікті жұрт өзіне қажетін Алланың үйінен алып кетіп жатыр. Солардың бірі Алтынгүл Тұрғанбайқызы. Қиын сәтте жақындарына демеу болған ана үйіне төсеніштерді арқалап барады.
"Бізге тамақ пен киім кешектер әкеліп көп көмек көрсетіліп жатыр. Мен өзіме керекті төсеніштерді алып бара жатырмын. Жақындарымның баспаналары суға кетіп қалды. Көмекті беріп жатқан еріктілерге алғысымыз шексіз. Ауылдың тең жартысы суға кетіп қалды. Енді мұндай жағдай қайталанбасын деп тілейміз", - дейді қала тұрғыны Алтынгүл Тұрғанбайқызы.
Алайда біз барған сәтте тамақ таусылып, тек киімдер ғана қалыпты. Өйткені жергілікті жердегі дүкендер жабық. Ал базарлар бүгін ғана қызу саудаға қайта кіріскен. Мешіттің бас имамы гуманитарлық көмек мұнымен шектелмейтінін жеткізді.
"Төтенше жағдай жарияланғаннан бері халық болып ат салысып жатырмыз. Осы табиғи апатқа байланысты Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасынан "Зекет және қайырымдылық қоры" ашылды. Бүгінде 12 үлкен машинамен қаламызға гуманитарлық көмек келіп жетті. Оның ішінде азық-түлік, киім-кешек, тіпті қайықтарға дейін әкелініп жатыр. Керек-жарақтың барлығын орталық мешіттен ешкімді алаламай халыққа теңдей бөліп беріп жатырмыз. Алла бұйырса бұл көмектер бұдан әрмен жалғаса беретін болады", - дейді Жылыой ауданы орталық мешітінің бас имамы Жасұлан Қуанышұлы.
Құлсары қаласының белсенді азаматы Мейрамбек Махамбетов гуманитарлық көмекті бір ортадан бөлу керектігін алға тартты.
"Гуманитарлық көмек келген уақытта қай жаққа жіберерін білмей жатыр. Сол үшін арнайы штаб құрылып, бір ортадан бөлінетіндей жағдай жасалмай жатыр. Себебі әр ерікті өз бетінше әрекет етіп жатыр. Ең бастысы мынау судың жанына бөгет жасап жатқан азаматтарға тамақ уақытылы жеткізілуі керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда ақшадан гөрі ресурс қатты керек болып жатыр. Құлсарының жағдайын көріп, жан-жақтан қол ұшын беріп жатқан адамдарға үлкен алғысымды айтқым келеді", - дейді ол.
Ал жергілікті әкімдік өкілдері келіп түскен гумманитарлық көмекті тиімді пайдалану үшін қам-қарекет жасап жатқанын жеткізді.
"Республиканың әр өңірінен біздің қаламызға гуманитарлық көмек келіп жатыр. Оны жергілікті белсенді азаматтар қабылдап алып, халыққа таратуда. Ал ресми тұлғалар әкімдікке хабарласып, тамақтарды орналастыратын арнайы орындарды сұрап жатыр. Қазіргі таңда біз үш орынды бекітіп қойдық. Ал біздің мақсатымыз келіп түскен гуманитарлық көмек қорын сақтау. Себебі, келіп жатқан көмек 5-6 күнде тоқтауы мүмкін. Сол себепті азаматтарға келген көмекті тиімді пайдалануға жағдай жасау", - дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!