- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "12 жасында ақша...
"12 жасында ақша жинап, жабағы сатып алған". Атырау облысында атбегі ару тұрады
Атырауда арғымақтың құлағында ойнайтын атбегі ару тұрады. Оның есімі - Дария Болат. Қазір ол 11-сыныпта оқиды. Ата дәстүрді 12 жасынан бері серік еткен. Арманы - ұлттық құндылықты жаңғыртып, төл спорттың дамуына үлес қосу, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Дарияның сәйгүлікке деген сүйіспеншілігі - "Жау жүрек мың бала" фильміндегі Сартай мен Қорланның ерлігінен басталған екен. 12 жасында өзі ақша жинап, екі жабағы сатып алыпты. Ол содан бері ат үстінде. Күнделікті 4-5 бес сағатын тұлпар баптауға арнайды.
"Атты аттың тұяғынан да мықты адам ұстайды" дейді ғой. Аттың дауысы, мінгенде шабысы, жүргенде жүрісі өте әдемі. Ұлттық спорттан қыз қууға қатысып жүрдім. Талай-талай жігіттерге жеткізген жоқпын", - дейді өзі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ауыздығымен алысып, тұяғымен жер тарпып келе жатқан арғымаққа Дария "Торпеда" деп ат қойған. Тегеуріні қатты тұлпарды ауыздықтау оған қиын болмапты. Талай жарақат алса да, сағы сынбаған.
"Аттан көптеген жарақат алдым. Атпен бірге құлаған күндерім де болды. Одан кейін, қолымды сындырдым. Бірақ сонда да, қолым гипс кезде де атқа мініп жүрдім. Сол кезде ата-анам қызығушылығыма таңғалып, өздері рұқсаттарын берді", - дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Дарияның атқан оғы нысанадан мүлт кеткен емес. Ұлттық спортқа қатысып жүргеніне 1 жыл. Осы уақыт ішінде мерген қыз Маңғыстауда өткен Ел чемпионатында үздік үштіктің қатарынан көрінді. Астанада да жамбы атуға қатысып, талайды таңдай қақтырған. Бұдан өзге бәйге, қыз қуу сияқты төл спорт түрлерін жетік меңгерген әрі өзі баптаған тұлпарын жарысқа қосып жүр. Сәйгүлігі 20 жүйріктің арасынан 2-орын алған.
"Кәдімгі атқа тақымы мықты. Кез келген ер бала міне алмайтын нәрсені жасайды, қыз бала болғанымен. Сондықтан да біз Дарияны бағалап, өзіміз рұқсатымызды беріп, "одан әрі дамыта бер" деп көндік", - дейді оның әкесі Болат Берекенов.
Қазір ауылынан ол әкесі екеуі садақ ату алаңын салып жатыр. Дария мектепті тәмамдағасын Алматыдағы спорт академиясына оқуға түсіп, ұлттық спорттың шебері болуды көздеп жүр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова