Финляндия астанасы Хельсинкидің солтүстігінде орналасқан Вантаа қаласындағы мектепте атыс болды. Қайғылы оқиға салдарынан бір оқушы қаза тапты, тағы екеуі ауруханаға түсті. Зардап шеккендердің бәрінің жасы 12-де, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі bbc.com-ға сілтеме жасап.
Атыс шығарған адам да 12 жаста, ол қамауға алынды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оқиға жергілікті уақыт бойынша таңғы 9-да Виертола мектебінде болған. Полицейлер жергілікті тұрғындарға үйден шықпауды ескертті.
Мектепте 800 оқушы білім алады және 90-нан аса ұстаз бен қызметкер бар. Куәгерлердің айтуынша, оқиға болған аймақтан екі жедел жәрдем каретасы сирена қосып, ауруханаға бағыт алған.
Виертола мектебінде бастауыш және орта мектеп жасындағы (7-ден 15-ке дейін) балалар білім алады. Финляндиядағы білім мекемелері Пасхаға орай ұзақ демалыстан кейін өз қызметіне енді кіріскен.
Ванта - Финляндияның үлкендігі жағынан төртінші қаласы, онда 240 000 мың адам тұрады.
Финляндияда 2007 және 2008 жылдары мектептерде екі атыс жағдайы тіркеліп, бірнеше адам қайтыс болған. Сол жағдайлардан кейін елде қару туралы заңы күшейген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз