FlyArystan президенті Ричард Леджер Астанада 12 жастағы қызды ұшаққа мінгізбеген әуе компания қызметкерлері жауапқа тартылмағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзіне сенсек, бүгінде келеңсіз жағдай қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр.
"Бізді қауіпсіздік процедурасының бұзылғаны алаңдатады. Бірден тексерісті тағайындадық. Еңбек заңнамасына сәйкес тиісті шешімді қабылдаймыз. Тексеріс әлі жүріп жатыр. Осыған байланысты ешкім тәртіптік жауапкершілікке тартылмады", - деді Ричард Леджер.
Сондай-ақ әуе компания басшысы кешірім сұрап, енді мұндай оқиға қайталанбайды деп сендірді.
"Бұрын да кешірім сұрадым, қазір де кешірім сұраймын. Компанияда жерүсті және ішкі қызмет көрсету ережелері өте қатаң. Бұл осындай жағдайдың қайталанбауына кепілдік береді", - деді FlyArystan президенті.
Еске салайық, бұл келеңсіз жағдай Астанда болған еді. Егіз қыздар басқа балалармен бірге Оралға ұшпақ болған. FlyArystan ұшақтарды ауыстырған. Сол кезде 12 жастағы бір қызға орын жетпей қалған. Салдарынан бала Астана әуежайында жалғыз қалып қойған.
FlyArystan басшылығы қыздың ата-анасынан кешірім сұрап, оларға 4 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы ұсынған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!