12 жастағы қызды Орал әуежайында жалғыз қалдырған әуе компания 5 млн теңге өтемақы төлейді

12 жастағы қызды әуежайда жалғыз қалдырған оқиға бойынша Алматы соты түпкілікті шешім шығарды. Зерені ұшаққа отырғызбай, оның орнын басқа жолаушыға бергені үшін Fly Arystan әуе компаниясы 5 миллион теңге моральдық өтемақы төлейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Данильхан Шағатаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

"Алматы қалалық сотының сот алқасы апелляциялық шағымды қанағаттандырмады, алғашқы сот шешімін күшінде қалдырды. Бұл дегеніміз - баланың анасы 5 миллион теңге моральдық өтемақыны толық көлемде алады. Біз бұл даулы істің аяқталғанына қуаныштымыз және жеңіске жеткенімізді мақтанышпен айтамыз. Сот үкімі заңды күшіне енді", - деді адвокат.

Естеріңізге сала кетейік, 12 жасар Зеренің орнын басқа жолаушыға беру себепті оны ұшаққа кіргізбей қойған. Бейтаныс қалада, тіркеу аймағында бірнеше сағат бойы жылап отырған қызды анасы Оралдан туыстар мен таныстары арқылы іздеп, көмек сұраған. Қоғамдық резонанстан кейін Fly Arystan басшылығы қыздың анасымен кездесіп, 4 миллион теңге өтемақы ұсынған. Бірақ әйел сотқа жүгінуді жөн көрген. Қазан айында сот әуе компаниясын қызмет көрсету ережелерін өрескел бұзғаны үшін 5 миллион теңге төлеуге міндеттеген еді. Алайда компания бұл шешімге қарсы апелляциялық шағым түсірген болатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз