12 адам мерт болған трагедия: Үкіметте мән-жайы талқыланды

12 адам мерт болған трагедия: Үкіметте мән-жайы талқыланды
Фото: "Жетінші арна"

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында Түркістан облысында жеке үйде болған өртке байланысты қабылданып жатқан жедел шаралар туралы баяндады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Вице-премьер кеше сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында жеке тұрғын үйде өрт шыққанын айтты. Екі қабатты үй толық өртке оранып, шатыры ішінара опырылған.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің күш-құралдары дереу жіберілген, өрт сағат 07.22-де сөндірілген. Өкінішке қарай, оқиға орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы - бала. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.

"Оқиға орнында тергеу жүргізіліп, өрттің себебі анықталып жатыр. Әзірге қылмыс құрамы жоқ. "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша соталды тергеу басталды (Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі)", - деп баяндады Қанат Бозымбаев.

Еске салайық, 18 қарашада Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам қаза тапты, тоғызы - бала.

Кейін қайғылы жағдайға байланысты Үкімет комиссиясы құрылды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget