Астана автобустарындағы жол жүру ақысын желтоқсанның ортасынан бастап 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Жаңа мерзім туралы қала әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Елордада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 90 теңге болып, 2014 жылы белгіленген. Содан бері 12 жыл ішінде тариф небәрі бір рет қайта қаралып, бүгінде 110 теңге болып тұр.
Қала әкімдігінің аппараты хабарлағандай, 2014 жылдан бері тасымалдаушылардың негізгі шығындары да едәуір өскен. Атап айтқанда, жанармай, қосалқы бөлшектер мен жаңа автобустардың құны, сондай-ақ жүргізушілердің еңбекақысына жұмсалатын шығын көбейген.
Осы кезеңде қосалқы бөлшектердің, дөңгелектер мен аккумуляторлардың бағасы, автобустарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу шығындары, сондай-ақ жаңа көлік сатып алу құны да қымбаттады.
Пайдалану шығындары айтарлықтай артқанына қарамастан, елордада қоғамдық көлік паркін жаңарту және дамыту жұмысы жүйелі түрде жүріп жатыр. Кейінгі 3 жылда тасымалдаушылар қауіпсіздік, жайлылық және экологиялық талаптарға сай келетін 1127 жаңа көлік сатып алды.
Елорда тасымалдаушылары кейінгі 3 жылда сатып алған жаңа көліктер саны.
Астана қаласы мәслихатының 2018 жылғы 29 наурыздағы №244/30-VI шешіміне сәйкес, азаматтардың жекелеген санаттарына қалалық жолаушылар көлігінде тегін жүру түрінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.
2020 жылғы наурыздан бастап Астанада оқитын 18 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікте тегін жүреді.
Жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау тарифтерін есептеу әдістемесі бойынша жүргізілген есепке сәйкес, 2026 жылы бір жолаушыны тасымалдаудың орташа құны қазіргі жол ақысынан әлдеқайда жоғары.
Пайдалану шығындарының артуын, автобустардың үздіксіз қатынауын қамтамасыз ету, көлік паркін жаңарту және маршрут желісін дамыту қажеттігін ескере отырып, желтоқсан айының ортасынан бастап жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлем кезінде 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр.