- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 11 өңірде жаңа...
11 өңірде жаңа 20 бөген салынады: Президент су тасқынына қарсы күрес туралы
Президент су тасқынына қарсы жұмыстарға қалай көңіл бөлінетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Апаттарға қарсы күрестің тиімді жүйесін құруды көздейтін күрделі шаруа шешімін табуы керек. Сондықтан табиғат апаттарымен күресетін пәрменді шаралар қабылдау үшін мемлекет пен ғылымның ықпалдастығын іс жүзінде қайтадан түзу қажет.
Менің тапсырмаммен Тараздағы Қазақ гидромелиорация-құрылыс институты қайта құрылады. Сондай-ақ Алматыдағы Сейсмология институтының әлеуеті күшейеді. Климат өзгерістерін зерттеп, тежеуге айрықша назар аударылады. Су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде "ҚазСуШар", "Нұра топтық су құбыры" сияқты компаниялар да түгел қайта құрылады.
Елдегі бөгеттер мен бөгендердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Заман талабына сай су қоймалары тапшы болғандықтан, биылғы тасқынның зардабы тіпті ауыр болды. Сондықтан Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады, тағы 15-іне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда 134 елді мекенді су басу қатері едәуір азаяды.
Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына тасқынның алдын алу және оның салдарын азайту шаралары қосылады. Бұл шаралар халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленеді", - деді Мемлекет басшысы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова