Павлодарда әскери мектепте төбелес шықты. Салдарынан үш бала ауруханаға жеткізілген. Желіде оқиға орнынан видео пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қабанбай батыр атындағы "Жас сарбаз" облыстық мамандандырылған әскери мектеп-лицей-интернатында оқушының жарақаттанғаны туралы қоңырау түскен. Тергеу барысында полиция қызметкерлері мектеп сыныптарының бірінде төбелес барысында кәмелетке толмаған үш оқушы жарақат алғанын анықтады. Мектеп оқушыларына медициналық көмек көрсетіліп, кейін үйлеріне жіберілді.
"Аталған фактіге қатысты "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып, сараптама тағайындалды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады департамент.
Жедел жәрдем станциясында да бұл ақпаратты растады. Оқиға орын алған күні кешке облыстық балалар ауруханасына 2007 жылы туған екі бала, 2008 жылғы бір бала жеткізілген.
Ал облыстық білім беру басқармасында білім беру мекемесінің қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданылатынын жеткізді.
Павлодар облысы бойынша балалар құқықтарын қорғау жөніндегі өкіл Наталья Покидова аталған оқиғаға қатысы бар оқушылармен кездескен. Жиын барысында бала тәрбиесі, жатақхана мен тамақтануды ұйымдастыру, студенттердің ішкі тәртібі мәселелері талқыланған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!