Қазақстанда қаржы пирамидалары құрбандарының жалпы саны үш есеге артты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Биылдың қаңтар-сәуір қорытындысы бойынша елімізде "Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару" бабы бойынша 45 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді, бұл былтырдан 6,3 пайызға аз.
Айта кетейік, 2022 жылдың төрт айында елімізде мұндай 48 жағдай тіркелген.
Өңірлік тұрғыда "Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару" бабы бойынша ең көп қылмыстық құқық бұзушылықтар Алматыда тіркелген: биыл осындай 7 жағдай болған. Одан кейін тізімде Шығыс Қазақстан облысы (5 жағдай) және Астана (4 жағдай) тұр.
Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар қазір тұрғындарды өзіне тартудың түрлі амал-тәсілдері арқылы жұмыс істейді. Turantimes.kz-тің мәліметінше, қазақстандықтар көбіне интернет-ресурстар арқылы қызыға бастады. Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, биыл үш айда Қазақстанда қаржылық пирамида белгілері бар 4 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталған.
Саладағы құқықбұзушылықпен келтірілген залалдың мөлшері - 12,2 миллиард теңге, бұл бір жыл бұрынғыдан 2,1 есеге артық.
30 адам қаржы пирамидаларын құру және басқару кезінде ұсталды. Қылмыскердің көпшілігі жұмыссыздар (20 адам), тағы 3 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.
Биыл қаңтар-сәуірде 382 адам қаржы пирамидаларының құрбаны болды, бұл бір жыл бұрынғыдан 3,3 есеге көп. Оның ішінде 11 жасқа дейінгі 6 бала, 16-17 жас аралығындағы 3 кәмелетке толмаған, 18-20 жас аралығындағы 9 адам, 21-29 жас аралығындағы 72 адам, 30-39 жас аралығындағы 120 адам, 40-49 жас аралығындағы 100 адам, 50-59 жас аралығында 54 адам, 60 жас және одан жоғары 18 адам.
Зардап шеккендердің 71,5 пайызы, яғни 273 адам - әйелдер. Сондай-ақ, төрт айда 11 зейнеткер мен 3 студент қаржы пирамидасының құрбаны болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!