- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "108 млн теңге"....
"108 млн теңге". Қаржы пирамидасын құрды деп айып тағылған азаматқа сот үкімі шықты
Қазақстанда Ресей азаматына қаржы пирамидасын құрды деген айып тағылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Атырау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Берілген ақпарат бойынша, Т. есімді Ресей азаматы қаржылық пирамида құрып, оған басшылық жасады деген күдікке ілінді.
"Сотталушы Т. Ресей Федерациясының азаматы Д.-ның Thefiniko компаниясын құрғанын біліп, адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, оған қосылуға және компания атынан әрекет жасауға шешім қабылдаған. Өзінің қылмыстық жоспарларын жүзеге асыру мақсатында әрекеттерінің заңсыздыңын және құқыққа қарсы келетінін ұғына отырып, ақпараттық механизмді іске қосып, әлеуметтік желілер арқылы өзіне жақын адамдар арасынан компанияға салымшыларды тартуға бағытталған әрекетін жүзеге асырған", - делінген хабарламада.
Атырау облыстық соты баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, Т. Қазақстан Республикасы аумағында Thefiniko компаниясының тұрақты табыс алатынына, яғни халықпен жұмыс істеу тәжірибесі бар екеніне көз жеткізіп, компанияға 19 жәбірленушіні тартып, оларға 108 млн теңгеден астам сомаға залал келтірген.
"Тергеу барысында айыпталушы 93 млн теңге залалдың орнын толтырған (өтелмеген залал сомасы – шамамен 15 млн теңге). Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, экономикалық сараптама және маман қорытындысымен, фото және бейнематериалдармен толық дәлелденген", - делінген хабарламада.
Сот үкімімен Т. кінәлі деп танылып, ол қаржылық, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен қатар судья оның зейнеткерлік жасын әрі келтірілген залал ішінара өтелгенін ескеріп, Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес, жазаны шартты түрде тағайындаған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы