105 жасқа келген атыраулық әже арманын айтты

105 жасқа келген атыраулық әже арманын айтты

Атырауда 105-ші көктемін қарсы алып отырған әжей тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұрпақ қызығына бөленіп отырған қазыналы қарт Балзиба Закарияқызы Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмының тумасы.

Ғасыр жасаған әже - елдің амандығын, кейінгі ұрпақ өмірінің тыныштығын тілейді.

"Менің арманым - жас ұрпақтың бақыты" дейді әжей.

Жастайынан қара жұмыс жасап шыныққан Балзиба әженің ұзақ өмір сүру сыры - тынымсыз еңбегінің, одан кейін табиғат берген табанды, қайырымды мінезімен талай қиындықты белден басып өткен батылдығынан болса керек.​

Әжейдің жұбайы Кәрім атай да көкірек көзі ашық, ел мен жер тарихына, шежіреге қанық, әйгілі Құныскерей, Аманғали сынды асылдардың көзін көрген. Текті атаның ұрпағы, танымал жазушы, "Құрмет" орденінің иегері Марат Мәжитов ағамыздың тарихи романдарына әкесінің айтқан әңгімелері арқау болған.

Он бір құрсақ көтерген ананың балалары елге сыйлы, абыройлы азаматтар.

Ұл-қызынан тараған ұрпақтары Қазақстанда ғана емес, әлемнің әр түкпірінде ел абыройын асқақтатып жүр. Мұхиттың ар жағындағы АҚШ Стэнфорд университетінде Фатима, Австралияның технологиялық университетінде Мұхсима есімді немерелері ұстаздық етуде.

Үлкен әулеттің мәуелі бәйтерегі, немере-шөберелерінің бақытына бөленген әжей бүгінде кенже ұлы Едігенің қолында Атырау қаласында тұрады.


Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы