"100 теңге пайда тапса да 15 теңгесін салық ретінде тапсыру керек" - қазақстандық экономист

"100 теңге пайда тапса да 15 теңгесін салық ретінде тапсыру керек" - қазақстандық экономист
Фото: Жеке архив

Қоғамда "кәсіп ашамын, бірақ салық төлемеймін" деген түсінік әлі де бар. Экономист Бауыржан Ысқақов неге 100 теңге пайда тапсаң да салық төлеу керегін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мобильді аударымдарды тексеру жұмыстары жүргізілуі керек. Өйткені ресми түрде үш жыл бойы созылған орта және шағын кәсіпті тексеру жұмыстары тоқтады. Енді салық органдары әртүрлі бизнес субъектілері бар азаматтардың заңды не заңсыз жұмыс істеп жатқандығын тексеруге тиіс. Уақыт келді деп ойлаймын. Бұл - дұрыс үрдіс. Мәселен, біздегі бюджеттің кіріс бөлігіндегі салықтардың үлесі 70 пайыздан аспай отыр. Бұл түскен салықтың біршама бөлігі әлеуметтік мәселелерді шешуге тағы жұмсалады, сонда түсім тек 60-65 пайыз болады. Бюджеттің қалған шығыстарын, яғни 20-30 пайызын Ұлттық қордан немесе қарыз алу арқылы жабамыз. Сол себепті ашық экономикалық саясатта әр кәсіпкер 100 теңге пайда тапса да, 15 теңгесін мемлекетке салық ретінде тапсыруы керек", - дейді сарапшы.

Ысқақовтың айтуынша, қоғамда "салық мәдениетін" қалыптастыру керек.

"Кез келген дүкен, шаштараз, такси жүргізушілерінен QR-мен төлем қабылдауын және түбіртекті талап етуге тиіспіз. Осы арқылы ғана біз бюджеттің кіріс бөлігін толтыруға мүмкіндік береміз. Себебі Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың жалпы үлесі - 25 пайыз. Бізден түсетін салық экономиканың барлық секторына қатысы болады. Өкінішке қарай, шағын және орта бизнестегі көлеңкелі экономикадан құтыла алмай отырмыз", - дейді ол.

Экономист неге халық жаңа бастамаларға үрке қарайтынын және Қазақстан экономикасы қандай жағдайда тұрақталатынын түсіндірді.

"Бұл да қаржылық сауаттылық пен салық мәдениетінің төмендігінен болып отыр деуге болады. Жалпы, Қазақстан 30 жылда экономикасы бір ізге түсуі керек еді, бірақ біз көптеген факторға байланысты уақытымызды өткізіп алдық. Егер көлеңкелі экономика азайса, салық төлейтін ірі кәсіпорындардың саны көбейіп, сол арықыл жұмысшылар саны артқанда ғана жаңа жүйеге өтеміз. Менің ойымша, Қазақстан өндіруші ел емес, өңдеуші елге айналуға тиіс. Қазір еліміздегі бизнесте қызмет көрсету мен тамақтану орындары ғана жақсы дамыған, алайда бізге әлі де аямызды кеңейте түсу керек", - дейді Бауыржан Ысқақов.

Жасұлан Ордабаев

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz