100 мың доллар: Дияр Нұрғожай UFC-дегі жарқын жеңісі үшін бонус алды

Қазақстандық файтер Дияр Нұрғожай Қатарда өткен UFC Fight Night 294 турнирінің қорытындысы бойынша қомақты ақшалай сыйақы алды. Америкалық Алик Лоренцті айқын басымдықпен жеңген ол 100 мың доллар табысқа кенелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жекпе-жек екінші раундта аяқталды, қазақстандық спортшы қарсыласын басынан дәл теуіп нокдаунға түсірді, содан кейін оны партерде соққының астына алды.

Төреші екінші раундтың 24-секундында жекпе-жекті тоқтатып, Диярдың техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін тіркеді.

Айқын жеңіс UFC басшылығының назарынан тыс қалған жоқ. Қазақстандық спортшы "Кештің үздік өнері" номинациясы бойынша 100 мың доллар (шамамен 45,5 миллион теңге) көлемінде бонус алды.

Лоренцті жеңу Нұрғожай үшін UFC-дегі қатарынан үшінші жеңісі болды. Енді қазақстандықтың кәсіби аралас жекпе-жектегі рекорды - 13 жеңіс пен екі жеңіліс (промоушенде 3-2).