Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматын Грузиядан экстрадициялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2021 жылғы қаңтар мен 2022 жылғы ақпан аралығында Атырау қаласында азаматшаға Кипрден пәтер сатып алуға көмектесетінін айтып сеніміне кірген. Осылайша бірнеше ақшалай аударым арқылы жәбірленушінің 100 миллион теңгеден астам қаражатын алаяқтық жолмен иемденді деген күдікке ілінген.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті құқық қорғау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2026 жылдың маусым айында ол Грузия аумағында ұсталған. Кейін Қазақстан тарапының экстрадициялау туралы сұрау салуы негізінде елге жеткізілді.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Аталған қылмыс үшін заңнамада мүлкін тәркілей отырып, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейін айыру және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Құқық қорғау органдары тергеу амалдарының жалғасып жатқанын хабарлады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!