Алматы облысында "банк қызметкерімін" деп, жұрттың атына несие рәсімдеген келіншек ұсталды. Бір айдан аса іздеуде болған оны полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласынан тапты, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, Ұзынағаш ауылының 24 жастағы тұрғыны халықты кепілдегі тұрмыстық техника мен әшекей бұйымдарды таныстары арқылы арзанға алып беремін деп сендірген. Алайда не ақша, не тауарды көрмегендер банктерге қарызға батып, оны төлеуге мәжбүр.
Күдікті қылмысын мойындаған. Оған жеті жылға дейін шектеу немесе бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр. Қазір тергеушілер алаяқтың сыбайластары бар-жоғын анықтап жатыр.
"Қазір алданған 97 адам тіркелді. Оларға келтірілген шығын көлемі 100 миллионнан асады. 28 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында жүргізілген жедел іс-шаралар барысында күдікті ұсталып, қамауға алынды", - деді Жамбыл аудандық полиция басқармасы бастығының жедел-іздестіру жұмыстары жөніндегі орынбасары Жарқын Есжанов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!