- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 100-ден аса қызметкер...
100-ден аса қызметкер жұмыстан кетті: «Астана Опера» ұжымы депутаттарға жүгінді
«Астана Опера» театры ұжымы өнер саласы мамандарына және өндірістік цех қызметкерлеріне жалақыны көтеру мәселесін қарастыруды сұрап, Мәжіліске жүгінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Өнерде аштық болмау керек»
Депутат Сергей Пономаревтің айтуынша, театр қызметкерлерінің жалақысы соңғы рет 2022 жылы көтерілген.
«2013 жылы құрылғаннан бері бұл өнер ордасының қызметкерлерінің жалақысы тек бір рет – 2022 жылдың қаңтарында 20%-ға көтерілген. Қаржы министрлігі жыл сайын жалақыны көбейту туралы бюджет өтініштерін қолдамайды, себебі театр заңды тұлғаның коммерциялық емес нысаны. Соның салдарынан әлем мойындаған өнерпаздар жалақының төмендігінен жұмысын тастап кетуге мәжбүр. 2024 жылы ғана театрдан 100-ден астам музыкант, әртіс, инженер мен шеберлер жұмыстан шықты. Орнын басатын мамандар жоқтың-қасы», - деді Пономарев.
Мемтеатрлардың ғана айлығы көтерілген
Айтуынша, театр ұжымының жүктемесі мен жалақы мөлшері бір-біріне сай келмейді.
«Мысалы, солистер мен хор әртістері әрбір опералық қойылымға шамамен 300 беттен тұратын музыкалық материалды италиян, француз тілдерінде жаттауы керек. Ал балет әртістері сахнаға шығу үшін 10 жылдан астам уақыт дайындалып, күн сайын 8-10 сағаттан тынымсыз жаттығулар жасайды. Бұл өте ауыр еңбек және жоғары еңбекақыны талап етеді. Елдің басты сахнасының мәселесіне назар аударуды өтінемін. Біз олардың қойылымдарына билет алу үшін кезекте тұрамыз, бірақ әртістердің жағдайы нашар екенін білмейміз. Бүгінде елдің жетекші опера театры әртістерінің жалақысы басқа республикалық және ұлттық театрлармен салыстырғанда 1,5 есе төмен», - деді депутат.
Фото:khabar.kz
Мәселенің шешімі 1,5 миллиард теңге
Депутаттың сөзінше, 2021 жылы Президент мәдениет, архив және кітапхана мекемелері қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын 20%-ға өсіруді тапсырғалы жағдай жақсарған. Бірақ жалақы өсімі мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне қатысты жүзеге асқандықтан, акционерлік қоғам ретінде құрылған «Астана Опера» театры бұл арттырулардан тыс қалған. Дегенмен театрдың 100% акциясы Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан мемлекетке тиесілі.
Пономарев мәселенің шешімі – қосымша 1,5 миллиард теңге деп отыр. Осының негізінде «Аманат» фракциясы Үкіметтен «Астана Опера» театрының барлық қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға көтеруді сұрады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Бақдаулет