100-ден аса көлігі, бірнеше елде резиденциясы бар: шөл даланы Дубайға айналдырған тұлға жайлы не белгілі?

100-ден аса көлігі, бірнеше елде резиденциясы бар: шөл даланы Дубайға айналдырған тұлға жайлы не белгілі?
Фото: Олег Жуков / Фотобанк Лори/lenta.ru

Дубай - әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан қалалардың бірі. Бірақ бұл жерде бірнеше жыл бұрын жергілікті халық азық үшін түрлі кәсіптің көзін тапқан шөлдегі шағын елдімекен болған. Десе де осы шөлдің орнында аз уақытта жарқыраған зәулім ғимараттар, сәнді қонақүйлер тұрғызылып, миллиондаған туристі бар Бірікке араб әмірлігіндегі халық тығыз қоныстанған қала пайда болды. Massaget.kz тілшісі Дубайдың шөл даладан байлық пен сән-салтанаттың қаласына айналуына кімдердің үлесі болғанына шолу жасап көрді.

 Дубай алып қалаға айналмай тұрып, халқы немен айналысқан?

Дубай Парсы шығанағы жағалауында орналасқан. Оңтүстігінде және оңтүстік-батысында Абу-Даби әмірлігімен, солтүстігінде және шығысында Шарджа әмірлігімен, батысында Парсы шығанағымен шектеседі. Мұнда жергілікті тұрғындар бір кездері балық аулаумен, інжу-маржан жинаумен, қайық жасаумен айналысып, батысқа қарай бағыт алған саудагерлерді тамақ, жатын орынмен қамтыған. Оның үстіне Дубайдың Үндістанға географиялық жақындығы оны Таяу Шығыс аймағының маңызды орталыққа айналдырды. Дубай қаласы Үндістаннан келген шетелдік саудагерлер үшін маңызды аялдама болды, олардың көпшілігі уақыт өте келе осы қалаға қоныстануды ұйғарған.

Дубай билігіне ағылшындықтардың қандай қатысы бар?

Дубай қаласының негізін XVIII ғасырдың соңында Бани-Яс тұқымы қалаған. Алайда XIX ғасырдан бастап бұл жер Ұлыбританияның ықпалына түскен. ХХ ғасырдың ортасына дейін билік ағылшындардың қолында болып, олар Парсы шығанағы арқылы теңіз тасымалын және Дубай саясатын басқарып отырған. Шетелдіктердің үстемдігіне қарамастан Дубай тұрғындары мәдениеті мен дәстүрін сақтап қалған. 

Дубайды тығырықтан шығарған кім?

Дубай 1930 жылдарға дейін інжу-маржан экспорттаумен танымал болды. Алайда кейін қаланың інжу-маржан өнеркәсібі шығынға ұшырады. Осылайша, халық Парсы шығанағының басқа бөліктеріне қарай қоныс аудара бастады. Дубайдың әлемдік деңгейдегі қалаға айналуына үлес қосқан әміршінің бірі Шейх Саид осы тұста балама табыс көздерін іздеуге мәжбүр болған. Осылайша, ол шетелдік саудагерлерді тартқысы келіп, салықты едәуір төмендеткен.

tripmydream

1971 жылы Дубай әмірлігі Абу-Даби әмірлігімен және басқа 5 әмірлікпен Біріккен Араб Әмірліктерін құрды. Ал бір кездері билікті басқарған Ұлыбритания 1971 жылы Парсы шығанағы аймағынан кетті. Кейін, яғни 1973 жылы Дубай валютасы ретінде дирхам қабылданды.

Дубайдың бірінші әмірі туралы не белгілі?

Рашид ибн Саид Аль Мактум - Дубай шейхі Саид ибн Мактумның үлкен ұлы. Жас кезінен бері ол саяси, шаруашылық істермен айналыса бастаған. Кейін 1939 жылы таққа мұрагер ханзада болса, 1958 жылы Дубайдың шейхі атанды. 

nla.ae

Оның кезінде Дубайда алғашқы заманауи магистраль, Аль-Мактум көпірі, теңіз айлағы (1967-1972), Джебель Алидегі екінші айлақ, Дубайдағы дүниежүзілік сауда орталығы, Джебель-Роктағы еркін сауда аймағы салынды. 1963 жылы Ұлттық банк құру туралы жарлық шығарды. Сонымен қатар, осы уақыт ішінде көптеген халықаралық компаниялар құрылды, соның ішінде Emirates Airlines-ті ерекше атауға болады.

Ашық дереккөзде Дубайдағы экономикалық реформалар туралы оның мына сөзі танымал: "атам түйе мінген, әкем түйе мінген, мен Мерседеске міндім, ұлым Лэнд Роверге мінеді, оның ұлы да Лэнд Роверге мінеді, бірақ оның ұлы түйеге мінеді".

Дубайдың "Дубай" болуына ықпал еткен негізгі күш не?

Рашид ибн Саид Аль Мактум 1958 жылы әкесі Саид қайтыс болғаннан кейін тізгінді ресми түрде өз қолына алды. Дубайда мұнай 1966 жылы табыла бастады, ал Рашид пайданы Дубай мұнайын тасымалдау үшін терең теңіз портын құруға бағыттады; сонымен қатар, мұнайдан түсетін кірістер әуежай салуға және жаңа салалар мен қызметтерді құруға, соның ішінде медициналық көмекті жақсартуға жұмсалды. 

tripmydream

Рашид өз билігі тұсында Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті (1971-1990) және премьер-министрі (1979-90) болды. Бірақ кейін денсаулығы нашарлап, үлкен ұлы, сол кездегі премьер-министрдің орынбасары шейх Мактумды мұрагері етіп тағайындады.

100-ден аса көлігі, бірнеше елде резиденциясы бар: Дубайдың қазіргі шейхі туралы не белгілі?

Мұхаммед ибн Рашид ибн Саид Аль Мактум - Дубай әмірлігінің билеушісі, 2006 жылдан бері Біріккен Араб Әмірліктерінің премьер-министрі және вице-президенті. Ол Шейх Мұхаммед деген атпен де танымал. Мұхаммед 1949 жылы 15 шілдеде Рашид бин Саид Әл Мактумның үшінші ұлы болып дүниеге келді.

Ол билікке араласа бастағаннан-ақ саяси көшбасшы ретінде Дубайды әлемдік деңгейдегі астанаға айналдыруды көздеді. Сондықтан бірқатар халықаралық кәсіпорынның, соның ішінде Emirates әуекомпаниясының, Jumeirah Group туристік холдингінің және DP World конгломератының бастауында тұрды.

Шейх Мұхаммед Дубайдағы ең биік ғимарат Бурдж Халифаның құрылысын жеке өзі бақылаған. 

Ашық дереккөз

Дубайдың дамуына бірден-бір атсалысқан шейх Мұхаммедтің әлемдегі ең бай, танымал бес шейхтің қатарында екені туралы да деректер бар.

Ал ашық дереккөзде оның Ұлыбританида 140 миллион доллардың жылжымайтын мүлкіне, Монакада 308 миллион доллардың пентхаусына ие екені, Италия, Франция, АҚШ, тағы басқа елдерде резиденциялары бары, 100 автокөлігі, оның ішінде бірнеше Mercedes, Rolls-Royce көліктері бар екені, тіпті Дубайдағы ең үлкен яхталардың бірі оған тиесілі екені айтылады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова