- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- дәстүрлі әнші әңгімесі
100 әнді тоқтаусыз орындап, Гиннес рекордына енуді көздеген дәстүрлі әншінің әңгімесі
Семейлік дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев қазақтың 100 әнін тоқтаусыз орындап Гиннес рекордтар кітабына енуге ниеттеніп, жолдама концертін өткізді. Бұл туралы ол Massaget.kz тілшісіне әңгімелеп берді.
Қайрат Қабышев - қазақ әндерін тамылжытып шырқайтын семейлік дәстүрлі әнші. Мәдениет саласының үздігі 100 әнді домбырада тоқтамай орындап Гиннес рекордтар кітабына енуді көздейді. Жәнібек Кәрменовтің шәкірті жылдар бойы әнді толассыз шырқап жаттыққан.
Семей қаласында 12 қараша күні тіркелуге жолдама ретінде Шәкәрім университетінде арнайы концерт берді. Артынша әлемдік рекордтарды тіркейтін ұйымның өкілдігіне өтініш жолдады. Осылайша ұлттық мұраның тізгінін ұстаған талант иесі төл мәдениетіміздің ерекшелігін әлемге насихаттамақ.
сурет: әншінің жеке мұрағатынан
"Әнші болуыма мұғалімім себепкер болды"
Дәстүрлі әнші өнерлі отбасында дүниеге келген. Ол тілшімізге алғаш сахнаға шыққан кезін әңгімелеп берді. Жастайынан көмейіне бұлбұл ұялаған оқушы Қайраттың өнер әлеміне жол тартуына мұғалімінің қолдауы себеп болған.
"Бесінші сынып оқып жүргенімде алғаш рет сахнаға Абайдың "Сегіз аяқ" әнін орындап шыққан едім. Баланың болашақта кім болатыны білетін алғашқы ұстаздары ғой. Әдебиет пәнінің мұғалімі маған "Абайдың әнін айтасың, айтпасаң баға қоймаймын" дегені бар еді. Амал жоқ орындап бердім. Кейін бәрі таң қалып, "даусың қандай керемет" деп қолдау білдіріп, менің өнерге деген ынтамды ашты. Содан кейін Жидебайдағы Абайдың мұражайына қонақ келсе "Абайдың әнін айтады" деп мені ертіп баратын болды" дейді ол.
суретте: ән салып отырған Қайрат Қабышев, микрофон ұстап тұрған журналист Еркін Байғабылұлы
Мектепті тәмамдап Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, атақты қазақ әншісі Жәнібек Кәрменовтың шәкірті атанады. Онда ол Айгүл Қосанова, Әділет Мұса сынды дәстүрлі әншілермен бір топта оқиды. Оқу бітіргеннен кейін Торғай өңіріне жол тартып, 5 жыл тұрақтайды. Торғай облысының пединституында, "Торғай әуендері" деген ансамбльде қызмет етіп, Астанаға кетеді. Шығармашылық тоқырауға тап болған әнші 10 жыл уақыт өнерден алыстап кетіп, 2014 жылы Семей қаласына қайта оралады. Қазір Шәкәрім университетінде ұлттық өнерді дәріптеп, сабақ береді.
сурет: әншінің жеке мұрағатынан
Гиннес рекордтар кітабына ену идеясы қайдан туды?
Қайрат Қабышев Гиннес рекордтарына өтініш беру идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болғанын айтты. Идеяның тууы әншінің Көкшетауға барған сапарынан бастау алады. Ол онда жан-жақтан жиналған әншілермен бірге ауыл-аймақты аралап, өнер көрсетеді. Сағаттап ән айтып отырып, таңды атырған Қайрат Ақашұлының әншілік өнеріне таң қалып, сонда отырған бір жігіт қолқа салады:
"Күндіз бірнеше жерде қойған концертімізден кейін кешкілік қонақта бір кісінің үйінде болдық. Ән айтып отырып таңғы 4 болғанын байқамай қалыппын. Сол кезде бір жігіт "Қайрекең демалсын, ертең де шығатын ауылдар бар ғой" деп бастап, "аға кезінде ата-бабамыз таңды атырып ән шырқаған ғой, байқап отырсақ сіздің шамаңыз бар екен, неге осыны қолға алып көрмейсіз" деп ұсыныс білдірді. Сол кезде ойыма келген еді. Негізі ет жақындарым менің гримеркада сағаттап отырып ән сала беретінімді жақсы біледі" деп қосты ол.
Көкшетауға сапарын әнші бұрыннан армандағанын айтты. Өйткені, ұстазы Жәнібек Кәрмен "арқаның әнін орындау үшін, арқаның дәмін тату керек" деген ақылын айтқан екен.
"Біржан Сал, Ақан Сері, Үкілі Ыбырайдың өскен өлкесін көру менің арманым еді. Кезінде ұстазым Жәнібек Кәрменнің айтқан сөзін есіме алдым. Ол бізге арқаның әндерін айту үшін сол жердің дәмін тату керек дейтін. "Арқаның дәмін татпаған, әндерін де нақышына келтіріп айта алмайды" дейтін. Бұл осы арманым орындалған, әрі үлкен мақсатты идея туған сапар болды" деді әнші.
Дәстүрлі ән өнерінің бес мектебіндегі 100 ән
Идея бірнеше жыл бойы жоспар күйінде қала берген. Қайрат мырза кейін өзі сабақ беретін университет басшылығына айтып, құлаққағыс еткен. Солайша жоспар әрекетке айналып, 12 қараша күні Шәкәрім университетінде өткен жолдама концерті 2 сағаттан астам уақытқа созылды. Әнші 100 әннің тізімін түгендеп, жұртқа ұсынып қойған. Халықтың талабымен таңдалып, ішінен 25-і орындалған. Қайрат Қабышевтыің айтуынша бұл Гиннеске енуге дайындық кеші, әрі Шәкәрім университетінің 90 жылдығына той шашу болды.
"Университет басшылығы мені шақырып алып, "бұл Гиннеске шығу үшін дәлел керек. Соған орай Шәкәрім университетінің 90 жылдығына арнап, концерт берсеңіз қалай болады?" деп ұсыныс білдірді. Мен келісе кеттім. Кешегі концерттен соң, халық та риза, мен де ән айтып, рақаттанып қалдым. Бірақ ары қарай да әнді айтуға шамам жететін еді. Сол себепті бүгін әдемі кеш жасадық. 100 әнді орындау білесіздер, 3 минуттан салғанның өзінде 7 сағат орындалады. Арасында әңгіме құратын болсақ 10 сағатқа дейін кетіп қалуы мүмкін. Оған халық шаршайды ғой. Алдағы уақытта Гиннестіктер келіп жатса, 100 әнді бір-ақ орындауға дайынмын" дейді Қайрат Қабышев.
сурет: әншінің жеке мұрағатынан
"Қазақтың бір баласы домбыра ұстаса - мақсатымның орындалғаны"
Қайрат Қабышев қазір дәстүрлі ән өнерінің кенжелеп бара жатқанын айтып, Гиннес рекордын орнатудың астарында ұлттық өнерді дамытуды көздеген үлкен мұраты бар екенін бөлісті.
"Заманның ағымына қарай дәстүрлі әндеріміз кенжелеп барады. Бәрі эстрадалыққа ағылып, фонаграмма деген нәрсеге үйір болып кетті. Тыңдарман негізінде әлі де бар. Абай атамыз кезінде Біржанның ән салғанын көріп, "Біржан сіздей әнші тумайтын болар" деген екен. Сонда Біржан атамыз "мендей әнші туса туар, бірақ сендей тыңдарман болмас" депті. Сол сияқты менің ендігі арманым дәстүрлі әнді тек 50-ден асқандар ғана тыңдайды деген ойды бұзып, дәстүрлі әнді бұдан сайын дәріптеу. Рекорд жасаймыз деген ниетімізге жастар да қызығып жатыр. Бұл мен үшін бақыт. Маған қарап қазақтың бір баласы қолына домбыра алса міне сол менің мақсатымның орындалғаны" дейді дәстүрлі әнші.
Еске салайық, бұған дейін ағаштан түйін түйіп, атакәсіппен айналысатын, домбыра жасаушы қолөнершімен сұхбаттасқан болатынбыз.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Д. Литпин