- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "100-150 мың теңге...
"100-150 мың теңге де жеткілікті". Жастардың көңілі толатын жалақы қандай?
Еңбек министрінің жастардың 500 мың теңгеден төмен жалақыға жұмыс істеуге келіспейтіндігі туралы мәлімдеме жасаған еді. Нақты көріністі түсіну үшін біз 16 мен 35 жас аралығындағы жастар арасында сауалнама жүргізіп, жас шамасына қарай қаржы қажеттілігінің өзгеретінін байқадық, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көп айлық қалайтындардың қаржылық жүктемесі ауыр
16 мен 35 жас аралығындағы жастар арасында жүргізілген сауалнамада көбісі 500 мың теңгеден айтарлықтай төмен жалақыға жұмыс істеуге келісетіні белгілі болды. Нәтижелер келесі деректерді көрсетті:
16-21 жас аралығы: респонденттердің көпшілігі еңбек жолын 100-150 мың теңге аралығындағы жалақымен бастауға дайын. Олар тәжірибесіз қызметкерлерге жоғары жалақы сирек ұсынылатынын түсінеді.
21-25 жас аралығы: осы жастағы жастар 300 мың теңге және одан жоғары жалақыдан үмітті. Олардың біраз жұмыс тәжірибесі бар және жоғары табыс күтеді.
35 жасқа дейін: сауалнама көрсеткендей, бұл жас тобы 500 мыңнан 1 500 000 теңгеге дейінгі аралықта жалақы күтеді. Бұл күтулер отбасылық жағдайлармен анықталады: балалардың болуы, ипотека және несие. Мұндай міндеттемелері жоқтар аз ақшаға да жұмыс істеуге дайын.
Жалақыны күтудегі айырмашылықтардың негізгі себебі респонденттердің өмірлік жағдайлары болды. Баласы, несиесі жоқ жастар аз ақшаға жұмыс істеуге дайын болса, отбасылық міндеті бар жастар жоғары табысқа ұмтылады.
Респондеттердің пікірі
Оқуға енді тапсырып жатқан жастардың пікірі.
"Менің жасым 17-де, Алматылықпын. Оқуға енді тапсырамын. Қазіргі таңда ата-атанамның қасында тұрғандықтан шығыным көп емес. Бастысы жүріс-тұрысыма, киіміме жетсе болғаны. Ол кісілерге бір жеңілдік жасағым келеді. Сол себепті алғашқыға 100-150 мың теңге де жеткілікті" , - дейді сауалнамаға қатысушы Асылжан Бақытбекұлы
Жастардың бұл санатының ешқайсысында несиелік жүктеме жоқ.
"Мен 18-демін, Алматыда тұрамын. Оқимын, IT-ға қатысы бар мамандық алып шыққым келеді. Өйткені оларға сұраныс та көп, жалақылары да жоғары. Дәл қазір жұмыс жасамаймын, бірақ алғашқыға 150 мың теңге жалақыға жұмысқа тұруға болады. Бұл қаражат менің қажеттіліктерімді жабуға жеткілікті", - дейді сауалнамаға қатысушы Омар Фамир
Оқу аяқтаған және аяқтауға аз қалған жастардың пікірі.
"Менің жасым 22-де, Өскемен қаласынанмын. Алматыда оқуымды тәмамдап, жеке меншік мектепке мұғалім болып кірдім. 300 мың теңге төңірегінде жалақы аламын. Пәтер жалдап тұрамын. Жалақым өз көңілімнен шығады. Үйленбегенмін, несием де жоқ. Әрине, кімнің көп тапқысы келмейді. Бірақ одан төмен болса, Алматы секілді үлкен қалада тұру қиынға соғары анық" , - дейді сауалнамаға қатысушы Ұлан Жеңісұлы
Келесі кейіпкеріміз еңбек өтілінің де жалақыға әсер ететінін жеткізді
"Осы жылы 23-ке толамын, Талас ауданының тумасымын. Алматыда оқуымды аяқтап, жұмыс жасап жатқаныма биыл 2-інші жыл. Бастапқыда, 165 мың теңге алатынмын, қазір еңбек ақым 225 мың теңгеге өсті. Уақыт өткен сайын тәжірибие де, жауапкершілікте артып келеді. Соған сәйкес алатын ақымда жоғарылап жатыр. Несиеге ноутбук алғаным болмаса, басқа қарызым жоқ. Алдағы уақытта үйленсем, үй алсам, көлік мінсем деген мақсатым бар. Сол үшін артық қаражат ешқашан артық етпейді. Дегенмен, ештеңе оңай келмейді. Жас маманға да 500 мыңнан жоғары жалақыны бірден тағайындап бермейді. Уақыт, тәжірибие және шыдам керек" , - дейді Бағдат Мейрамұлы
35 жасқа дейінгі жастардың жауабы.
"Менің жасым 34-те. Отбасым, 2 балам бар. Жұмыс жасайымын, айына шамамен 550-600 мың табамын. Дегенмен, 850-900 мың жалақыға ұмтылып жүрмін. Алматыдан ипотекаға үй алдық, көлік те несиеге, балаларымның қосымшасы бар. Соның бәрінен көп артылмайды" , - дейді сауалнамаға қатысушы Дархан Талапұлы
Сауалнама жүргізу барысында жастардың көбісі жоғары жалақы иелері "қызмет ұсынушы мамандар" не "IT мамандары" деп ойлайтындарын жеткізді.
Біздің сауалнама нәтижелері көрсеткендей, жастардың жалақысы олардың жас санаттары мен өмірлік жағдайларына байланысты. Жастар мансапты бастағаннан кейін бірден жоғары жалақының екіталай екенін түсінеді және біліктілігі мен тәжірибесін біртіндеп арттыра отырып, қарапайым табыспен бастауға дайын.
Материалға қосымша, Қазақстандағы ең төмен жалақы төленетін қызмет түрлерін де оқи отырыңыздар.
Н. Ынтымақұлы