- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "100-120 келідей болдым"....
"100-120 келідей болдым". Актер Ерболат Төлеген қалай арықтағанын айтты
Актер Ерболат Төлеген артық салмақпен 10 жылдай күрескенін жеткізді. Ол кейінгі 3 айда қалай арықтағаны туралы "Жұлдызды шаңырақта" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Актер сан жылдар бойы артық салмақтан қиналғанын айтты. Тіпті арнайы ақы төлеп, диетологпен арнайы жұмыс істеген.
"2009 жылы 100-120 келідей болдым. 2011 жылдан бері диета ұстап жүрмін. Былтыр өзіме аштық жарияладым, 15 күндей ештеңе жемедім. Тек су мен сорпа іштім. Оразадан кейін ешқайда барған жоқпын, 3 айдай үйде жаттым. Солай өзімде ретке келтіріп, арнайы диетолог мамандармен жұмыс істедім", - дейді актер.
Өнер иесі арықтау үшін тамақтан бас тарту дұрыс емес екенін айтты. Оның сөзінше, күніне 7 рет тамақтанады.
"Мен қазір үш я болмаса бес рет емес, күніне 7 рет тамақтанамын. Аз тамақтансаң, арық боласың деген - өтірік. Аз-аздан күнделікті тамақтанып жүру керек. Бірақ енді қарайсыз ғой, тамақтың түріне де. Егер артық салмақ қосып алсам, бірден жаттығу залына барып, қайта өзімде ретке келтіремін", - дейді Ерболат Төлеген.
Актер, сондай-ақ, салмағы өзінің образына еш әсер етпегенін айтады. Қандай салмақ болмасын сахнаға Шімән апа болып шыға беретінін жеткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Ерболұлы