100 050 теңгеге дейін: жатақханада тұратын қай санаттағы азаматтарға өтемақы берілетіні айтылды

Жатақханаға орналасу тәртібі қандай, студенттерге көрсетілетін қолдау шаралары туралы не белгілі? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жатақханаға орналасу тәртібі

Елімізде 72 125 орындық 281 жатақхана пайдалануға берілген. Оның ішінде ЖОО студенттері үшін 51 323 орындық 182 жатақхана қарастырылған. 

Жатақханадағы орындар ең алдымен әлеуметтік осал санаттағы білім алушыларға беріледі:

  • ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерге;
  • мүгедектігі бар студенттерге;
  • көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге;
  • ауыл жастарына,
  • "Серпін" жобасы арқылы оқуға түскендерге;
  • қандастарға, сондай-ақ, басқа да әлеуметтік осал санаттарға жататын студенттерге.

Мәселе туындаса...

Студенттердің жатақханаға орналасуына байланысты мәселелерді жедел әрі тиімді шешу мақсатында министрлік жаңа оқу жылында дағдарыс орталықтарын ашқан. Ситуациялық орталық Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университеті базасында, ал дағдарыс орталығы М.Тынышпаев университеті базасында ашылған.

Ситуациялық орталық студенттерді жатақханадағы бос орын туралы ақпаратпен қамтамасыз етсе, дағдарыс орталығы қиын жағдайда студенттерді уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етуге жәрдемдеседі.

Кімдерге көмек беріледі?

Сондай-ақ, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап жатақханада тұратын жетім балаларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға және бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға 29 АЕК-ке дейін, яғни 100 050 теңгеге дейін өтемақы қарастырылған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!